Алты ай бойы жалақысы төленбеген: Астанада ер адам 14-қабаттан секірмек болған
Астанада ер адам жоғары қабатты үйдің соңғы қабатына көтеріліп, аяғын ортақ балконнан шығарып, секірмек болған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana TV арнасына сілтеме жасап.
Оқиға Қосшығұлұлы көшесіндегі "Ақерке 2" тұрғын үй кооперативінде болды.
Өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамның бейнежазбасы Astanovka98 Telegram-арнасында жарияланды. Полиция бұл оқиғаға түсініктеме берді:
"Ер адам көпқабатты үйдің балконынан секірейін деп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Жедел шаралар қабылданып, 40 жастағы ер адам түсіріп алынды. Полицияға жеткізілді. Мұндай қадамға не әсер еткені де белгілі болды”, – деді ПД.
Құтқарылған адамның көршісі де пікір білдірді.
“Жалақысын бермеген, мен осы подъезде тұрамын. Ер адам құрылысшы болып істейді. Жалақы төленбей, жағдайы үшін секірмек болды”, – деді көрші.
Оқиға куәгерлері де ер адамның бұлай істеу себебін болжады.
“Осы жағдайға өзім куә болдым, өте қорқынышты. Құдай сақтасын! Құрылысшы ер адам ақша табуға келді. Алты ай бойы жалақы төленбеген, онымен қоса пәтерінен қуып шыққан. Осы жағдайдың бәрі ауыр қадамға итермеледі. Мұндай жұмыс берушілерді заң бойынша жазалау керек деп санаймын”, – деді куәгер.