Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлсіздік таныттым": Айдана Меденова орамалын не үшін шешкенін түсіндірді

Айдана Меденова орамалын не үшін шешкенін түсіндірдіФото: instagram.com/aidanamedenova_officialpage/

Kesh You тобының бұрынғы мүшесі Айдана Меденова “TalkLike” подкастына берген сұхбатында хиджабын не үшін шешкенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі әкесі ұзақ уақыт бойы сырқаттанып қайтыс болғаннан кейін қатты күйзеліске ұшырағанын айтты. Оған күйзелістен шығуға балалары мен дін жолы көмектескен.

“Намаз арқылы өз тыныштығымды таптым. Әр адамның өмірдегі орнын түсіндім. Әкем мен анам үшін дұға жасау жүрегіме тыныштық сыйлады”, – деді ол.

Ол сондай-ақ әкесінің өмірден өтуі хиджаб тағуына бірден-бір себеп болғанын айтты. 

Айдана Меденованың айтуынша, хиджаб тақпастан бұрын 4 жыл бойы намаз оқып келген және ешқандай діни топқа кірмеген. Ал жақындары хиджаб киюіне, өнерден кетуіне қарсы болған.

“Хиджаб деген белгілі бір киім емес. Ол “покрытие”, араб тілінен аударғанда адамды жабу деген мағынаны білдіреді. Орамал болсын, кимешек болсын бәрі – хиджаб. Бәріміз құлшылық жасауға барғанда арабтармен сөйлесеміз, дұғаны да араб тілінде оқимыз”, – деді ол.

Әнші әлеуметтік желіде өзін сынап жатқандар жайлы да тіл қатты. 

“Кейбір хиджаб киетін қыздар да мені “Шешетін болсаңдар неге киесіңдер?” деп айыптап жатыр. Мен мұны дұрыс шешім деп айтқан жоқпын. Әр адам өз өмірін сүріп жатыр. Өмір деген сынақтардан тұрады, менің де бастан кешіріп жатқан сынақтарым бар”, – деді ол.

Осы тұста әнші орамалын неліктен шешкенін түсіндірді.

“Қазір мен өзімді шынайы әлсізбін деп айта аламын. Мен әлсіздік таныттым, өйткені мен өнерге құмармын. Маған өнер тағы да басқа эмоциялар беретінін түсіндім. Адамда нәпсі деген бар. Өмірде әртүрлі кезеңдер болады. Қазіргі кезеңде маған өнер керек болып тұр”, – деп түсіндірді ол.

Өнер иесі орамалын шешкенімен, намазын тастамағанын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін әнші Айдана Меденова орамалын шешкені хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Дүйсенбі, 26 Қаңтар, 2026 11:40