Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлмира Ахатова: Кітап оқымайтын қыз “Қазақ аруы” атануға лайық емес

“Қазақстан аруы-2015” байқауының жеңімпазы Әлия Мергенбаева жұртты кітап оқымаймын деп таңқалдырған-ды. Ал, “Қазақ аруы-2016” байқауының жеңімпазы Әлмира Ахатова керісінше кітап оқымайтын арудың қазақ қызы деген атқа лайық емес де санайды.

147

Қазақ аруы бұл туралы  “Орталық хабар” бағдарламасында айтып берді.

Астана қаласында “Қазақ аруы-2016” байқауы өткізіліп, 19 жастағы Әлмира Ахатова жеңімпаз атанған еді. Ару дәл қазір Астана қаласы медицина университетінің 3-курс студенті. Өзі сүйіп таңдаған мамандық болғандықтан, әлі де осы жерде білім алмақ. Алайда продюсерлер тарапынан киноға түсуге немесе ән айтуға ұсыныс түсіп жатса, барлығына үлгеруге тырысатындығын айтты.

Бұдан өзге жүргізуші қазақ аруының кітап оқымайтын қыздар туралы пікірін сұрағанда “Сегіз қырлы, бір сырлы емес ару қазақ қызы атануы мүмкін емес. Байқау жеңімпазы өзін көрсетіп қана қоймай, жан-жақты екенін дәлелдеуі керек. Ол қазақ тарихын немесе әдебиетін ғана емес, биология саласын да жетік меңгеруі тиіс”, – деп сайысқа тек мыңнан тұлпар болып озғандардың қатыса алатынын жеткізді.

142

Абайдың 120-дан астам өлеңін білетін бойжеткен мектеп кезінен облыстық көркем сөз оқу сайыстарына қатысқан. Ақынның тек өлеңдерін ғана емес, қара сөздерін де жатқа біледі екен.

“Абайды тану – қазақты танумен бірдей деп білемін. Себебі Абайдың өлеңдері әр адамның көңіліне жақсылықты қондырып, ғылым мен білімді сүюге жетелейді”, – деген арудың алтын тәжді киюін орынсыз демессіз.

“Қазақ аруы” байқауының алты жыл ішінде қыздардың өзіндік ортасын қалыптастыра білгені сөзсіз. Халық сұлулардың көркіне тамсанып тұрып олардың ақылына көркі сай екеніне көз жеткізді, өнерлерін тамашалады.

новый коллаж

“Қазақ ару байқауында іріктеуден өтудің өзі қиын болды. Себебі қойылатын талаптары тым жоғары. Қыздардың бой өлшемі мен сұлулығы ғана сынға түспейді, салт-дәстүрді білуі, ана тілін жетік меңгеруі бағаланады. Алматыда бір жарым айдай дайындық болды. Кәсіби биші болмағандықтан, өзіме қиындау түсті. Бірақ ерік-жігерімнің арқасында қиындықтарды жеңе білдім”, – дейді Әлмира Ахатова.

Бір қызығы, бойжеткен ата-анасына соңғы іріктеуден өтпейінше тіс жармаған. Аталған байқауға қатысатынын соңғы сәтте хабарласып айтқан. Әзірге продюсерлерден ұсыныс түспеген екен.

“Сайыстың аяқталғаны күні кеше ғана. Әзірге ұсыныс түспеді, алайда болашақта жоспарлар бар. Барлығына үлгеруге тырысамын. Бұл өмірде мүмкіндіктерді жіберіп алмау керек. Тәуекел етіп, осы мүмкіндіктерді пайдалану арқылы ғана өзіңді дамыта аласың”, – дейді бойжеткен.

Естеріңізге сала кетсек, “Қазақ аруы” байқауынан кейін бағы жанған сұлулар туралы жазған болатынбыз.

Талқылау