Алматының миллион теңгеге жасалған жаңа логотипі жұртқа ұнамай қалды
Алматының жаңа логотипі жұртшылықтың көңілінен шықпай қалды. Миллион теңгеге жасалған қаланың жаңа таңбасын көзіқарақты мамандар ешқандай мағына бермейді деп отыр. Олардың айтуынша, жазуы қарабайыр суреттің әрлеуі де жөнді келіспеген. Жаңа логотипті жақтырмай қалғандар енді оның орнына өз нұсқаларын жасап, халық талқысына салып жатыр,-деп жазды КТК арнасы.
Алматының жаңа белгісіне дизайнерлердің ә дегеннен-ақ көңілі толмай жатыр. Яғни солғын жазу мен түсініксіз сызбалар қала туралы түсінік қалыптастыра алмайды дейді. Есесіне, шеберлер өз нұсқаларын әлеуметтік желілерге жариялай бастаған.
« Сол кезде мен де ойладым, өзімнің нұсқамды көрсете салайын. Фейсбукта қойдым. Сол жерде көп адамдар жақсы пікір айтып. Мен өзім логотипке қалай қарайм?! Ол әр түрлі версияларда қолданылады ғой, мысалға, макеттерде. Жаңағы алған логотиппен маған өзіме көңілімнен шыққан жоқ, шынымды айтсам»,- дейді режиссер Сәкен Жолдас.
Бірақ жаңа таңбаның нашар шыққанына туынды авторлары қарсы пікірде. Суретшінің өз ойынша, логотип қаланың жасыл экологияға бағыт алғанын көрсетеді. Ал ортадағы алма бүкіл ойды біріктіруші. Дегенмен, олар бұны әлі де жетілдіре түсу қажеттігін мойындайды.
«Техникалық тұрғыдан әлі де жетілдіріле түседі. Яғни, жазуының біркелкі әрі бұрыштарының түзу шығуы керек. Түстерінің үйлесімі де көзге оғаш көрінбейтіндей болуы керек. Одан бөлек,артқы көрінісі мен тағы қосымша белгілер жасалатын болады»,-дейді Алматы қаласы брендін жасау жобасының креативті директоры Тигран Туниянц
Осы жеті жапырақ пен қызыл алмадан тұратын кескіннің құны бір миллион теңгеге бағаланыпты. Ал жалпы бренд-бук, яғни қаланың басты нышандары бейнеленетін кітапшасын жасауға 10 миллион теңге бөлінген. Осынша қаржы жұмсалған жобаға теріс пікір білдіргендер болмаса, қолдағандар жоқтың қасы. Алайда, бұл жоба жетекшілеріне еш әсер етпегенге ұқсайды.
«Бүгін міне үшінші күн. Жұрттың алаңдаушылығы әдеттегідей емес. Соған сай, біздің де эмоциямыз басылып келеді. Кез-келген жаңа дүниеге қатысты әуелде осындай пікірлер қайшылығы болады. Бұл қалыпты жағдай»,-дейді Алматы қаласын дамыту орталығының басқарма төрайымы Жанна Төлегенова
Үш ай бойы байқау жүргізіліп, үздік шыққан сурет осымен Алматының бетке ұстар белгісі болып бекітілді. Негізгі сұлбасы сақталғанымен, әлі де қиюы келістіріле түспек. Ал суретке жаңа идея қосып, толықтыра түсетін болса, ол үшін де бюджеттен қосымша 3 миллион теңгеге дейін ақша бөлінбек.