Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық тұрғын өзін қаққан көліктің жүргізушісіне іздеу салады

Алматыдағы №12 ауруханада жатқан Думан Салықбаев есімді азамат өзін қаққан көліктің жүргізушісіне іздеу салады.

445

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Айтуынша, өзін көлігімен қағып, оқиға орынынан ізін суытқан азаматты таниды екен. Қаққан адам жәбірленушіге қомақты сомада қарыз көрінеді. Әзірге жүріп-тұруына тыйым салынған Думанның ауруханада қанша жататыны белгісіз. Өйткені мұнда түскенде белі ауырып, ми шайқалған деп диагноз қойылғанымен де, қазір бүйрегіне де зақым келгені анықталып жатыр. Екі баланың әкесі айдың-күннің аманында осылай төсекке таңылып қалуына, өзінен қарыз алған азаматты кінәлап отыр.

“Машина тоқтағаннан кейін бір-бірімізді көрдік, содан кейін сасқалақтап қағып жіберді ме, әлде таныған соң әдейі істеді ме…меніңше әдейі істеген сияқты. Ол жігіт 2007 жылы бізге жер алып беремін деп ақша алған”, – дейді Думан.

Жол-көлік оқиғасы Алматы мен Алматы облысының шекарасында орналасқан экологиялық бекеттің маңында болған. Әйелінің айтуынша, Думан өзіне жақындап кеп тоқтаған көлікке қарай еңкейіп мекен-жайды айтқалы жатқан кезде қағып жіберген. Бірақ, Думан сол қас-қағым сәтте көлік жүргізушісінің түрін де танып, көліктің нөмірін де есінде сақтап қалыпты. Оның үстіне жүргізушінің оқиға орынынан ізін суытып үлгеруіне қарағанда, қылмыстың қасақана жасалуы да мүмкін дейді Думанның жақындары. Өйткені, 2007 жылы алған қарызды қайтарып беруді талап етіп таяуда ішкі істер бөліміне тағы да арыз түсірген екен.

“Біз ол жігітке 5 мың доллардан Думан екеуміз 10 мың доллар ақша берген болатынбыз. Ақшаны жер алып беремін деп алған еді. Содан бірнеше жыл өтті, жерімізді де алмадық, ақшамызды да қайтара алмадық”, – дейді Думанның досы Серік Иманқұлов.

Ал Алматы полициясы көлік иесінің кім екенін әлі анықтап үлгермепті, бірақ Думан ұсынған болжамның бәрін жіті тексереміз дейді.

“Алған дене жарақаттарының ауырлығын білу мақсатында міндетті түрде сот-медициналық сараптама тағайындалатын болады. Соның аясында тиісті процессуалды шешім қабылданады”, – деді ІІБ ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Сондай-ақ, оқиға болған экологиялық бекетте бейнебақылау камерасы да орнатылған. Сондықтан тосын жәйт камераға түсіп қалған болуы да мүмкін. Ал Думанды қаққан адамның Іле ауданындағы лауазымды тұлғаның баласы екендігін айтқан туыстары, тергеудің әділ әрі жан-жақты жүргізілуін талап етпек.

Оқи отырыңыз:

Түрік жігіті үшін төбелескен қыздар жұрттың ашуын келтірді (видео)

Алматыда 12 жастағы бала мерзімінен бұрын мектепті үздік бітіріп шықты

Ақтөбеде “полицейден қорлық көргенін” айтқан тұрғын өзін-өзі өртеп жіберген

17 жастағы велошабандоз Дана Ахметованың неден қайтыс болғаны анықталды

Талқылау