Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық полицей қала тұрғынын құлдыққа жіберіп, ұлын өлтірмек болған

Алматыда учаскелік полицей қылмыс жасады. Ол өзінің сыбайластарымен жалғызбасты әйелді алдап, оның бірден 2 пәтерін сатып жіберген. Ал келіншектен құтылу үшін құлдыққа өткізіп, жалғыз ұлын қала сыртына апарып өлтірмекші болыпты.

Қазір бөтеннің мүлкін заңсыз иемденіп, қомақты қаржымен қалтасын қампайтқан тәртіп сақшысы сыбайластарымен бірге сотталып жатыр. Алаяқтарға бірнеше бап бойынша айып тағылды,  деп хабарлайды Алматы арнасы.

Алматының Әуезов ауданында учаскелік полицей болып қызмет еткен Оңғарбаев Арли, айыпталушы орындығында өзінің сыбайласы Өзбекстан азаматы Жаңабаев Әлішермен бірге отыр. Ал, тағы бір күдікті, яғни полицейдің туған ағасы Оңғарбаев Әсет қазір іздеуде жүр. Аталған азаматтар алаяқтық жасап, біреудің мүлкін жымқырғаны үшін істі болуда. Олар 2015 жылы ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, жалғызбасты әйелдің қос пәтерін сатып жіберген.

«Қылмыс жасау үшін Оңғарбаев Татьяна Шульгинамен жақын араласа бастайды. Кейін, қылмыстық топ құрады және топ мүшелерінің әрқайсының өз рөлін бөліп береді. Өзбекстандық танысы Жаңабаевты әйелдің сеніміне әбден кіргізіп, оған үйленетініне көзін жеткізеді. Сосын пәтерін сатқызуға мәжбүрлейді. Ал, туған ағасы Оңғарбаев Әсетті маклер ретінді таныстырып, пәтер алатын адамдарды соған іздеткізеді», – деді мемлекеттік айыптаушы Жанель Болатов.

Шенін жасырып, айласын асырған полицейдің кесірінен Татьяна қазір ұлы екеуі пәтер жалдап әзер күн көріп жүр. Айтуынша алаяқтар «бірлесіп бизнес жасаймыз» деген сылтаумен қорғансыз әйелдің бірінші пәтерін 8 жарым миллион теңгеге сатқызыпты. Ал, араға уақыт салып, «кәсіп ашқанға қаржы жеткіліксіз» деп екінші пәтерін де қомақты ақшаға өткізген. Прокурордың сөзінше, күдіктілердің Татьянаға келтірген материалдық шығыны 20 миллион 400 мың теңгені құраған.

«Мен пәтерімді сатқым келмеген. Бірақ, олар қояр да қоймай алдап, өз дегендерін істетті. Маған«қазір пәтерді сатқан қолайлы, әйтпесе бағасы түсіп кетеді», – деді. Сосын, пәтердің ақшасы кәсіп ашқанға, үлкен жер үй сатып алғанға және ұлымды колледжге оқытқанға да жетеді деп айтты. Мен оларға сеніп қалдым. Енді міне не ақшам жоқ, не басымда баспанам жоқ», – дедіжәбірленуші Татьяна Шульгина.

Сыбайластар арам пиғылдарын жүзеге асырғасын Татьянаны құлдыққа жіберіп, жалғыз ұлына да қырғидай тиіпті. “Жасаған қылмысымызды жарияға жар салады” деп күдіктенген үшеу, жас баланы қала сыртына апарып өлтірмек болған.

«Күдіктілер Татьянаның көзін құрту үшін басқа мемлекетке құлдыққа жіберген. Абырой болғанда, ол өзі қашып келіпті. Ал, сол уақытта ұлына зәбір көрсеткен. Баланы Талғар маңына апарып соққыға жығып, пышақ сұққан. Жанұшырып қарсылық танытып, айқайлаған баланы жақын маңдағы тұрғын құтқарып қалған. Біз сотталушылардың тиісті жазасын алып, иесіне пәтерлерін қайтарып бергенін қалаймыз», – деді Шульгинаның қорғаушысы Махсат Жарықбаев

Қазір учаскелік полицей құрған қылмыстық топтың үстінен бірнеше бап бойынша іс қозғалды. Олар аса iрi мөлшерде алаяқтық жасағаны, алдын ала сөз байласу арқылы адам өлтіруге оқталғаны және қылмыстық топ құрғаны өз алдына, лауазымын асыра пайдаланып күш қолданыпғаны үшін де жаза арқалауы мүмкін. Өйткені, күдіктілерден жапа шеккен тек жалғыз келіншек емес екен. Олар жазықсыз азаматты да ұрып-соққан.

«Мен өзімнің танысым Файзуллина Зухраның үйінде отыр едім, бір уақытта полицей Оңғарбаев келді. Үйге кірген бойда барлығымызды боқтап, аузына келгенін айтты. Оған сөз қайтарғаным сол еді, екінші жағымнан Жаңабаев келіп таяқпен ұрды. Кейін Оңғарбаев тұрған орындықты ала салып, тоқпақтай жөнелді. Жарақаттанып, ауруханадан бірақ шықтым», – деді жәбірленуші Мұрат Мұқашев.

Кезінде пагон тағып, құзырлы орган өкілі болған Оңғарбаев жәбірленушілер мен прокурордың таққан бір де бір айыбымен келіспеді. Есесіне, жанындағы сыбайласы кінәсін жартылай мойындап отыр. Егер күдіктілердің кінәсі сот арқылы түгелімен дәлелденсе, олар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Талқылау