Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда көріпкел емделушіге түнгі үште мазарға барып, садақасын жерлеуді тапсырған

Алматылық келіншек жұрт мақтаған Мадина есімді балгердің алаяқтығына қайран қалған. Жазира есімді тұрғын Stan.kz сайтына хабарласып, өзгелерді алаяқ балгердің арбауынан сақтандырғысы келетінін айтты.

Алматыда көріпкел емделушіге түнгі үште мазарға барып, садақасын жерлеуді тапсырған

Жазира алдымен Мадина есімді көріпкелдің қасиеті туралы айтқан келіншектердің сөзіне сеніп қалған. Өзі жоғары білімді әрі банкте қызмет істейтін келіншек Алланың барына, әрі өмірде түрлі ғажайыптардың орын алуы мүмкін екеніне де сенеді. Дегенмен, «Басымдағы жағдайды дәл айтты» деген әпкесінің сөзіне сеніп, көріпкел келіншекпен жолығуға асығыпты.

- Жазира, Мадина деген келіншек жайлы әпкеңіз не айтып еді?

- Әпкемнің сөзінше оның өткен өмірін толық айтып берген. Мен ешқашан балгерге, көріпкелге сенген адам емеспін. Жақын әпкем «Басымдағы жағдайды айтып берді, сенбеске амалым қалмады. Балаларымның қандай екенін, нешеу екенін әрқайсысының мінезі туралы айтып берді. Жолымды аштырып, өзімді оқытып алдым» деді. Мен қайран қалып сол Мадина деген келіншекпен екі апта жолыға алмай жұрдім.

Кездескен кезімізде мен оны үйіме шақыруға қорықтым. Тонап кетіп, күйеуімнен ұят болар дедім. Содан Мадинамен көшеде жолықтық. Ауа-райы жауынды болғаннан кейін көлігіме отырғыздым. Түріне қарасам аяғы ауыр, реңі түрік шатыс. Бірақ, өзін шешесі өзбек, әкесі араб деп айтты. Оң алақанымды ұстап «Маған түскенін айтамын, мен де шатасуым мүмкін. Дұрыс болса бірден айт. Сөздеріме  «Иә» немесе «Жоқ» деп жауап бер» деді.

Сөзіне қарасам тура жалпылама заттар «Бір құжат көтеріліп тұр, қарыздың мәселесі бар, күйеуің және намаз шығып тұр,оқиды ма?»,-деп сұрап қояды. Әрі қарай “иә” немесе “жоқ” деп жауап берсең жалғастырып кетебереді екен.

«Сен күйзелісте жүр екенсің» деді. «Күйеуің намаз оқиды ма?» деп сұрады мен бірден жоқ дедім. «Ішеді екен» деді енді намаз оқымайтын адамның арасында болсын ішетіні рас қой. Оған көрікпел болудың қажеті жоқ. Осыдан кейін «Күйеуіңіз ішкен кезде ауырлау сөздер айтып қояды екен сізге» деді. Мен күлкім келсе де өзімді ұстап отырдым. Себебі күйеуім маған сау болсын мас болсын қатты сөйлеп көрген емес. «Жоқ» деп қойдым бұл сұрағына.

Осыдан кейін «Өтірік айтып қайтейін, күйеуіңіз өте жақсы адам екен» деп салаберді. Барлық сөздері осы сарындас болды.

- Сенбей отырсаңыз неге өзіңізді тазартып оқып бер дедіңіз?

- Маған айтты, «Көз тиген, тілдеген сізді. Егер оқытылып тазаланбасаңыз жолыңыз болмайды, қасіретке ұшырайсыз» деді. Ойланып тұрып оқығанын көрейін дедім. «Бағалы затыңызды құрбан шалыңыз» деді. Мысалы десем «телефон, алтын немесе ақша» деді. Ойымда түк жоқ 1000 теңге болады ма дедім. Ол күліп, «Жоқ дегенде 3 келі еттің ақысы болсын» деді. 5000 теңгені ортаға қойдым. Ақ жібін қолыма орады. Оны, фокустың әдісімен сегіз мәрте байлап шықты.

Сөйтіп ақ қағазға атымды жаздырды үстіне ақшаны, байланған жіпті қойдық. Мені айналып әбден оқыды. Бәрінен де Алланың ұлық екенін айтты. Соңында, «Менің дұғам дарыса қағазда жаңа өзіңіз көрген жіп шешіліп қалады» деп сендіргісі келді. Бүктелген қағазды ашсақ жіп шешілген. «Енді жіпте сегіз түйін болған, сегіз түрлі проблемаң шешілді. Атағаныңды бер. Мынанша төле демеймін» деді. Таксимен келді 2000 берейін дедім. Ол саудаласпаймын деп алып, «сегіз түйінге 8 мың бергенің дұрыс» деп шықты.

- Сонымен сол ақшалардың барлығын бердіңіз ба? 5000 теңге не болды?

- Соңында барым деп алдап 3 мың бердім. Алдаса да әбден әрекеттенді ғой деп. Ал 5 мың теңгенің қызығы содан кейін басталды. Оны садақа дедім гой. Өзі де ол ақшаны алмайтынын басында түсіндіріп айтты. «Енді сол 5 мыңды түнгі сағат тура 03:00-те мазарға барып, сегіз төмпешіктен өтіп барып көміп кет. Өзің жалғыз бар.

Машинаңмен барушы болма, апат болады. Қасыңа ешкімді ертпе» деп шықты. Күлдім, емізулі екенімді көріп тұрсыз деп. Ол бірден «Басқаша нұсқа да бар, өзім оқыдым, өзім көме аламын. Тура сондай көметін заттарым да бар» деп шықты. Жоқ өзім көмем деп бермей қойдым. Соңына дейін түрлі сөздер айтып қорқыта сөйледі.

Мен де қайтпай «ия көме аламын» дедім. өзім ойладым ақыры садақаға атаған екенмін, жағдайы жоқ кісіге беремін. Ақша топырақта шірісе кімге пайда деп. Түсінгенім Мадина есімді әйеліміз, сол ақшаны да алып тайып тұрмақшы болды.

– Басыңыздан өткен жағдайды айтып, өзгелерді сақтандырғаныңыз үшін рахмет.

Жазираның айтуынша Мадинамен кездескен кезде, адамдармен көп араласып, көп оқығаны көмектескен. Сиқыр мен алаяқтықтан сақтануды бір сәт те ойынан шығармай тұрған. Ал көптеген адамдар психологиялық тұрғыда шаршаңқы болғандықтан, алаяқ келіншекке жем болып жүр деген ой түйген. Себебі, әпкесі және оның таныстары молаға көму керек затты көріпкелге сеніп тапсырыпты.

Талқылау