Алматылық кәсіпкер орманда тұрған отбасыны жатақханаға орналастырды
Науқас анасымен бірге орманда тұруға мәжбүр болған 21 жастағы Әлімхан Танжанов туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Жұмысынан қысқартылып қалғаннан кейін жігіттің пәтерақысын төлеуге ақшасы болмаған. Сондықтан үй иесі Әлімханды анасымен бірге қуып шыққан-ды. Ана мен бала бір апта бойы далада күнелтті. Күні кеше жергілікті кәсіпкер Сұлтан Әбішұлы оларды өз жатақханасына орналастырды, деп хабарлайды “Астана” арнасы.
Кәсіпкер далада қалған отбасын баспанамен және азықпен қамтамасыз етуге уәде етіпті.
«Әкімдік пен билік көмек бермейінше, жатақханада тұра тұрсын. Мүмкін жарты, мүмкін бір жыл оларды өзім асыраймын. Жағдайлары бір қалыпқа түспегенше», – дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының өкілдері Танжановтар отбасына көмектесетін болды. Партия Әлімханға жұмыс табуға, ал оның анасына ем алуға қол ұшын бермек.
Айта кетейік, отбасының кенжесі Әлімжан қазір балалар үйінде.
«Бұл отбасы 20 жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрып келді. Бәлкім, Әлімхан өз күшіне сенген шығар. Бірақ ақырында олар далада қалып отыр. Қазір құзырлы мемлекеттік органдармен бірге бұл мәселені шешуге тырысып жатырмыз», – дейді «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің жетекшісі Алмажан Бақтұразова.
Жіберіп алмаңыз:
Алматылық әйел күніне 100-ге жуық мұқтаж жанды тегін тамақтандырады
Қазақстан шекарасына заңсыз басып кірмек болғандар ұсталды
Ақтөбелік әйел жоғалып кеткен баласын базардан іздеп жүр
Оралдық ата-аналар оқулықта “лайкать”, “пиарить” деген сөздер өріп жүргенін айтып шағымданды