Алматыда XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр
Алматыда “Алматы-Арена” мұз сарайында XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі өткізіліп жатыр. Салтанатты кешті ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев та тамашалауда. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Театрландырылған қойылым барысында қазақ елінің дәстүрі мен мәдениетін насихаттайтын көріністер көрермен назарына ұсынылды. Салтанатты кеш басында ақындар, атқа мініп түрлі қимыл-әрекет жасаған жігіттер, балуандар көпшілік алдынан жүріп өтті.
Салтанатты сарай іші толықтай дерлік инновациялық технология жетістіктерімен көмкеріліп, көздің жауын алатын сахналар жасалды. Мемлекеттік ту әкелініп, әнұран ойналғаннан кейін 57 елдің делегациясы жүріп өтті. Қазақстан құрамасының туын шаңғышы Дәулет Рахымбаев алып жүрді.
Салтанатты ашылу рәсіміне тек қазақстандық әртістер ғана қатысуда. Олардың арасында Димаш Құдайбергенов, Қайрат Нұртас, Асылхан Төлепов, басқа да жұлдыздар бар. Ел намысын Универсиадада 175 спортшы 12 спорт түрі бойынша қорғап шығады.