Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тіркеуге келіп көз жұмған азаматтың отбасына мемлекет тарапынан көмек көрсетілмеген

Алматының халыққа қызмет көрсету орталығына уақытша тіркеуге келіп көз жұмған азаматтың отбасына мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеген.

7abf49cfecb35a22342a7acc49c8224d

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Тіпті, ресми орындардан бір де бір жан отбасына келіп көңіл айтпапты. Артында екі баласы мен жары қалған марқұмның туыстары кеше ғана оны жер қойнына тапсырды.

Уақытша тіркеуге келіп кезекте тұрған Жарас Нүркебайұлы қайтыс болардан бес минут бұрын әйеліне хабарласыпты. Басы ауырып, өзін жайсыз сезінгенін айтып үйге қайтпақ болған. Жары Інжугүл “уақытша тіркеуге асықпай-ақ барармыз” десе, “айыппұл салса төлеу қиын болар, тезірек тіркелейік” деп орталыққа ерте барған екен. Дәрігерлер айтқан эпилепсия сырқатымен ауырмаған, сап-сау азамат еді дейді жақындары.

“Ешқандай ауруы жоқ еді. Аяғынан тік барды ғой. Ауырған жоқ, учетта жоқ, ірі жігіт еді”, – дейді марқұмның әкесі Нүркебай Қонқақов.

“Ешқандай ауруы жоқ, бұдан 4-5 жыл бұрын грыжа болған омыртқасынан, бірақ емделіп жақсы болып кеткен. Ауыр жұмыс істемейтін, қазір охраник болып жұмыс істейтін”, – марқұмның жары Інжугүл Калимбетова.

Азғантай айлығын айыппұлға беруге қорыққан азамат өз әкесінің үйіне тіркеуге тұрмақ болған. Үлкен үйге жапсарлас салынған осы шағын баспанада отбасымен күн кешкен екен. Өз қолында жан тапсырған ұлының өліміне 80-дегі қария заң шығарушыларды, жағдай жасалмаған тіреу орталығын кінәлайды.

“Әлбетте, кінәлаймыз. Қоғам халыққа қызмет істеу керек қой. Адал қызмет істеу керек, халықтың жағдайын ойлау керек, халықпен кеңесу керек. Бірден заң шығарып, ұят қой бұл. Қылмыс қой бұл, айналайындар-ау”, – марқұмның әкесі Нүркебай Қонқақов.

“Ұлымның қазасына кім жауап береді” деген қария билік өкілдерінің еш назар салмағанына күйінеді. 80 жастағы Нүркебай ақсақал әкесіз қалған екі немересін қамқорлығына алыпты. “Тіркеуге келіп жан тапсырғандар отбасына көмек болады ма” деген сауалымызға республикалық “Азаматтарға арналған үкімет” корпорациясы ресми жауап беруден бас тартты.

Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп қайтыс болған азаматтардың отбасына қандай да бір көмек көрсету жоспарда жоқ дегенді “Азаматтарға арналған үкімет” мекемесінің өкілдері телефон арқылы айтты. Уақытша тіркеуге асыққан адамдардың қарасы әлі де қалың. Дәл осы жағдайға байланысты “Үйінде де ол адам өлер дейсіз, Үйде өлу арман ғой, үйің болса” деген торғайлық ақынның өлең жолдары ел арасында кең таралуда”.

Талқылау