Алматыда тапа-тал түсте банкке шабуыл жасап 30 секундта 15 млн теңгені қолды қылды
Алматыда тапа-тал түсте банк алдында қарақшылық шабуыл жасалды. Голливудтың киноларындағыдай, 30 секундтың ішінде 15 миллионды қолды қылып, қашып үлгерген қылмыскерлер, ірі көлемдегі ақшаның қай кезде шығатынын алдын ала білген көрінеді.
Шабуыл кезінде екі адам соққыға жығылды, деп хабарлайды 31 арна.
Банктен 15 миллион 670 мың теңге алып, көлігіне бет алған фирманың бас бухгалтері мен оның әріптесі тонаушыларға тап болған. Еуропалық келбеттегі зіңгіттей екі азамат жігітті бір ұрып, келіншектің қолындағы сөмкені күштеп жұлып алған. Жағы сынған азаматты жедел жәрдем ауруханаға жеткізіп, оған шұғыл түрде ота жасауға тура келіпті.
“30 жастағы Симинеев деген науқасқабылданды. Қабылдау бөлімінде клинико-лабораторилық, рентгендік зерттеу өткіздік науқасты. Зерттеп, тексерген кезде жақтың төменгі жағында екі жақты ығысқан сынығы деген диагноз қойылды”, – дейді дәрігер Айдос Аймұханбетов.
Полиция қарақшылық шабуылға қатысты қылмыстық іс қозғады. Олар қылмыскерлер алыстан келмейді деген ойда. Осы оқиғадан кейін банк қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қылмыскерлерді ұстау үшін полициямен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
“Қазқкоммерцбанктің барлық бөлімшелерінде қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау камералары орнатылған. Егер банкте қылмыстың шешілуіне қандайда бір үлес қоса алатындай фото не видео жазбалар болса прокурор санкциясынан кейін біз оны беруге дайынбыз”, – дейді Банктің қауіпсіздік департаментінің өкілі Тимур Стамқұлов.
Алматы қалалық ішкі істер департаменті осы оқиғаға қатысы бар деген үш күдіктіні ұстады.
“Бұл дөрекі қылмыстың бетін ашу үшін арнайы тергеу тобы құрылды. Оның құрамына криминалды полиция басқармасының қызметкерлері де кірді. Қазіргі таңда сезіктілердің барлық аты-жөні анықталды. Оларды ұстау бір-екі күннің шаруасы әрі кеткенде, – ІІД-нің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
Алматыда қарақшылардың ірі көлемде ақшаны қолды етуі бірінші рет емес. Бұған дейін де қылымыскерлер Ресейлік кәсіпкердің көп ақша алғанын біліп тонаған. Полиция бұл қылмысты аталған компанияда істейтін адамның нұсқауы бойынша екі адамның жасағанын анықтаған.