Алматыда кішкентай екі қызы жартылай сал болып қалған анасының күтіміне қарап отыр
Жалғыз басты мүгедек ана көмекке зәру. 45 жастағы Шолпан Айынова балаларымен ескі балабақша ғимаратын паналап отыр.
Бұл туралы Қазақстанның бірінші арнасы хабарлайды.
Жалғыз басты мүгедек ана көмекке зәру. 45 жастағы Шолпан Айынова балаларымен ескі балабақша ғимаратын паналап отыр. Өзінің сал болып қалғанының кесірінен екі баласын да асырай алмай отыр. Отбасы көмектің кез-келген түріне зәру. Әсіресе, сауығып кетуі үшін еміне қосымша қаржы керек.
Осыдан 9 ай бұрын Шолпан ешкімнің көмегінсіз-ақ екі баласын тұмсықтыға қақтырмай, қанаттыға шоқыттырмай өсіріп келген. Ал қазір тіпті балаларына тамақ та жасап бере алмайтын хәлде. Қызы Айша үй шаруасы мен ауру анасының күтімін өз мойнына алған. Бесіктен белі шықпай жатып, қатал өмірдің сынақтарына кішкентай қыз төзіп келе жатыр.
«Мен мамама көмектесемін. Осылай массаж жасаймын» – дейді Шолпан Айынованың қызы Айша Мырзабек.
Шолпан Айынованың екі баласымен ескі балабақшаны паналағанына 10 жыл болды. Бұл ғимаратта тағы бірнеше отбасы тұрады. Олардың әрқайсысы өз шамаларына қарап, бөлмелеріне жөндеу жасап алған. Ескі-құсқы темір-терсектің арасында тұрып жатқан Шолпан мен балалары ғана. Күйеуінен ажырасқаннан кейінгі күйзелістен жалғыз басты ана ойламаған жерден сал ауруына шалдығып қалады.
«Мен өзім оның алдында сахарный диабет бар давления екеуі қосылды да осыған апарды. Соның бәрі уайым болып, ойламайын десең, қанша көңіліңе алмайын десең де, мен өзім ашылып айта бермеймін, ішімнен тынамын, арты осыған апарып тыңды» – дейді I топтағы мүгедек Шолпан Айынова.
Екі бөлмелі баспананың жағдайы адам тұрарлықтай емес. 3 айдан астам үйде жарық болмапты. Сондай-ақ, баспаналары қыста тек жылыту пештерінің арқасында жылынады.
«Шолпанның светін кеше ғана жасап бердік. 3 ай светсіз отырды. Балалары не сабақ жасай алмай, кешкісін қараңғыда отырды. Ендігі кезекте пол бізде. Еден мынандай қалыпта, ештеңе жоқ. Бұнда тек қана жер, жердің үстінде тақтай ғана» – деді ерікті, “Добряки” клубының мүшесі Кәмшат Молдақасымова.
Отбасы қазір Шолпанның зейнетақысы мен бұрынғы күйеуінің балаларына төлеп отырған алиментіне күн көріп отыр. Бұл ақша мүгедек әйелдің ем-домы мен дәрі-дәрмектерінен де артылмайды. Қосымша массаж алып, ем жүргізуге ақша керек.
«Сол халықтан көмек сұрайтыным, сол аяққа нық тұрып кетуіме көмектессе екен, қол ұшын берсе екен. Денсаулығым болса, өзім … Өзіңнің тапқаныңа жетпейді ғой» – дейді I топтағы мүгедек Шолпан Айынова.
Жалғызбасты ана олардың жағдайын түсініп, қол ұшын беретін қайырымды жандардың табылатынына сенімді. Олар баспанасына жөндеу жасап, адам тұрарлықтай қалпына келтіріп берсе екен, дейді. Ал, кішкентай Айшаның бар арманы анасының сауығып кетіп, қайта күлімсіреген жүзін көру.
Қазіргі уақытта Шолпан айынова көмектің кез-келген түріне зәру. Отбасы әсіресе азық-түлікке мұқтаж. Жалғызбасты анаға көмектесетін мейірімді жандар болса, экранда көрсетілген 8778 372 91 06 және 8777 548 75 07 Кәмшат Молдақасымованың телефон нөмірлеріне хабарласа алады.
Жіберіп алмаңыз:
Жасырын түрде темекі шеккен 8-9 жасар қазақ баласы жұртты таң қалдырды (видео)
Қазақ атауларына қарсы шыққан Петропавл қаласының тұрғыны сотталып жатыр
Қазақстанда декреттік демалысқа қалай шығады және оған қанша ақша төленеді?