Алматыда бойы ұзын адамдардың кездесуі өтті (фото)
Бүгін, 5 маусымда Алматы қаласындағы “28 Панфиловшылар паркінде” бойы ұзын адамдардың кездесуі өтті. Аталған кездесуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен жастар келіп, бой жарыстырды. Ең бойы ұзын адам құрмет грамотасымен марапатталды.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
5 маусым күні Алматы қаласындағы “28 Пашфиловшылар паркінде” бойы ұзын адамдардың кездесуі өтті. Аталған кездесуге бойы 190 см-ден асатын жігіттер мен бойы 180 см-ден асатын қыздар келді. Жыл сайын өтетін кездесуде жастар әдеттегідей “бой жарыстырды”. Ең бойы ұзын қыз бен жігітке және ғашықтарға құрмет грамотасы берілді.
“Шынымды айтсам, бойымның қанша см екенін білмеймін. Шамамен 180 см-ге жуықтап қалады. Бойымның бұлай ұзын болуы тұқымқуалаушылықпен байланысты болса керек. Отбасымда барлығының бойы дәл осылай ұзын. 175 см-ден кем емес. Мұны ешуақытта кемшілігім деп ойлаған емеспін. Болашақ жарым өзімнен ұзынырақ болса екен деген ниетім бар. Ал бұл жерге өмірімде бірінші рет келіп тұрмын”, – дейді Ольга Кондратенко.
Мейрамғали Кипиев (210 см)
Фарида Әбенова (193 см)
Ербол Төлепберген (205 см)
Кристина Гребнева (183 см)
Александр Косенко (193 см)
Айман Құралова (180 см)
“Мен бұл жерге Астана қаласынан келіп отырмын. Астаналық “Тайгерс” клубының баскетболшысымын. Бойым шамамен 193 см болады. Менің әке-шешем де, ағам да менен кіші. Тіпті туған-туыстарымның ішінде ең бойы ұзыны менмін. Бойымның ұзын болуына баскетболдың әсері де бар шығар. Бірақ негізінен бұл тұқымымызда бар дүние екенін айтқым келеді.
Бұрын жүріп-тұруым қиын болатын. Бойым ұзын, өзім арықпын. Спортпен айналысқаннан кейін барлығы жақсара бастады. Бойың ұзын болған кезде, барлығы саған назар аударады. Әсіресе жігіт қауымы. Мұны артықшылығым деп білемін. Ал ұшақта немесе автобуста қиналатынымыз рас.
Тура келетін киім таңдай алмай әлек болатынымыз тағы бар. Дене бітіміме сай келетін киім таба алмай, отырып алып жылаған да күндерім болған. Бірақ қазір керісінше бойымның ұзын болғаны ұнайды. Мені сәнбике болуға да шақырған. Спорт жақынырақ болған соң бас тарттым”, – дейді Фарида Әбенова.
Әсет Серғазы (193 см)
Эльвира Қали (184 см)
Николай Кулешов (193 см)
Ксения Оленекова (187 см)
“Бойым – 203 см. Құдайға шүкір, өзімді жақсы сезінемін. Киім-кешек мәселесіне келгенде қиналатыным болмаса, басқа кезде бойымның ұзын болғаны ұнайды. Бұл ата-бабамыздан келе жатқан қан мен сүйек қой. Негізінен әке-шешемнің аталары ірі кісілер болған. Бойлары 2 метр-ден кем емес. Өзім банк қызметкерімен. Ал әзірге сүйіктім жоқ, әдетте бойы ұзын қыздармен махаббат құрамын (Күлді.)” – дейді Рүстам Ақанов.
Кездесуге қазақтың хас сұлуы Салтанат Бекжігітова өзінің сүйіктісін ерте келген екен. Олар ең бойы ұзын ғашықтар марапатына ие болды. Ең бойы ұзын жігіт – Дмитрий Свиридов (213 см) болса, ең бойы ұзын қыз марапаты Анастасия Маршенкоға (192 см) бұйырды.
Анастасия Маршенко (192 см)
Дмитрий Свиридов (213 см), Ксения Свиридова (156 см)
Салтанат (180 см), Сандыжар (198 см)
Осылайша ой бөліскен қыз-жігіттер кешкі мезгілде караокеде бас қосуға уәделесті. Араларында болашақ жарын тауып, сезімін білдіріп жатқандар да болды. Мұнымен қатар, кездесуге келгендер Мейрамғали Кипиев, Екатерина Медведевских, Руслан Әбеков, Максим Косенко сынды ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, келер жылы да бұл кездесуді асыға күтетіндерін жеткізді.
Жіберіп алмаңыз:
Аяғының башпайлары қалыптан тыс ұзын бойжеткен елді таң қалдырды
Қырғыз қызының қолаң шашы өзінің бойымен бірдей (фото)
Ғалымдар ұзын бойлы адамдарда жиі кездесетін ауруларды анықтады