Алматы түрмесінде отырған келіншек изолятор қызметкерлері зорлады деп шу шығарды
Алматыда тергеу абақтысының қызметкерлері қазір жазасын өтеп жатқан әйелді зорлады деп айыпталуда. 32 жастағы Наталья Слекишина 155/18 мекемесінде жатқанда 4 азаматтың жыныстық қатынасқа мәжбүрлегенін айтты. Ол тіпті сол кезде жүкті болып қалған. Бірақ жақында ғана туылған баланың әкесі кім екені белгісіз. Ал қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері тағылған айыпты мойындамай отыр, – деп хабарлайды КТК арнасы.
32 жастағы Наталья Слекищина тергеу қапасында талай қорлық көргенін айтады. Өткен жылдың тамызында сондағы 4 қызметкер оны зорлап кеткен көрінеді. Содан кейін ол жүкті болып, жуырда ғана қыз баланы дүниеге әкелген. Бірақ Нәзира деген ат қойылған нәрестенің әкесі төртеудің қайсысы екені белгісіз.
“Олар төртеу болды. Сондықтан баланың әкесі кім екенін білмейміз. Қазір ДНҚ-ның нәтижесін күтіп отырмыз. Жедел уәкіл, режим бастығы, күзетші және старшина қосылып зорлады”, – дейді жәбірленуші Наталья Слекишина.
Баланың әкесін анықтайтын сараптама Натальяның өзі шағым түсіргеннен кейін тағайындалған. Тек 10 ай бойы нәтижені күтіп шаршапты. Түрме қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс те қозғалған екен. Бірақ, жәбір көрген әйел істің де шала жүргізіліп жатқанын айтып отыр.
“Міне, 10 ай өтті. Ешқандай қозғалыс байқалмайды. Шағым жазбаған жерім жоқ. Тек қылмыстық істің қозғалғаны туралы жазылған қағаз аламын. Қазір бас прокуратураға жазып жатырмын”, – дейді жәбірленуші.
Натальяның өзі алаяқтық үшін сотталған. Қазір Алматы облысындағы Жауғашты түрмесінде. Оның осында туылған Нәзирадан бөлек 2 баласы бар екен. Олар жаңа бауырлары барынан бейхабар. Әйел зорлықшылар жазаға тартылса деп отыр. Алайда тергеу абақтысының басшылығы да, аталған төрт қызметкер де тағылған айыпты мойындаған жоқ.
“Әйелдің өзі тергеуге, сот отырыстарына барып-келіп жүрді. Оның сол жақтарда жүкті болып қалуы да мүмкін. Бәрін тергеу көрсетеді. Дегенмен, қызметкерлеріміздің мұндай әрекетке бармайтынына сенімдімін”, – дейді ЛА-155/18 мекемесі бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Сергей Курилов.
Кінә тағылып отырған 4 азамат та осы мекемеде ұзақ уақыттан бері қызмет етіп келеді. Бәрінің жасы 35-тен асқан. Бала-шағалары да бар.
Қазір айыпталған 4 қызметкер де жұмыс орнына емін-еркін келіп жүр. Ал, түрмеде отырған әйелді зорлағандары дәлелденсе, қызметтен қуылып қана қоймай, тиісті жазаға тартылатын болады. Бірақ, бұл Наталья Слекищинаның жазасын жеңілдетуге көмектеспек емес. Яғни, ол қандай жағдайда да тиісті 8 жыл мерзімін өтеп шығуға міндетті.
Жіберіп алмаңыз:
Аустралиялық әйел туысқан інісіне өзінің 12 жасар қызын зорлауға көмектескен
Замбияда қыз зорлаған әншіні адам зорлау ісімен күрес жөніндегі басты маман етіп сайлаған