Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жеті айлық баласын еденге атып ұрған келіншек тек айыппұл төлейтін болды

Алматы облысында жеті айлық баласын еденге лақтырып, қылмыстық жауапқа тартылған безбүйрек ананың ісіне нүкте қойылды. Яғни, Марина Тюменцева енді 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі тиіс, деп хабарлайды КТК.

Естеріңізге салсақ, ашуға мінген ананың кішкентай сәбиін еденге атып ұрған бейнесі қоғамда дау туғызған болатын. Ол кезде безбүйрек ана азаматтық некедегі күйеуі мен енесін кінәласа, сотқа жеткен істе мемлекеттік айыптаушы оны ата-аналық құқығынан айрыып, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Сот залына келген Марина Тюменцеваның жүзінен әлдебір қоқыныш сезімі анық байқалды. Өзіне сөз берілгенде кінәсін толықтай мойындаған ол мұндай оғаш қылықты қайталамайтынын айтып, үкім естілер алдында судьяға жалынып-жалбарынды.

“Мен өз әрекетімнің дұрыс емес екенін білемін. Бұл келеңсіз оқиға отабсында үнемі болатын жанжалдың кесірінен екенін түсінсеңіздер. Әрқашан балаларымның жанында болғым келеді”, – дейді сотталушы Марина Тюменцева.

Жеті айлық баласының жылағанын көтере алмай еденге атып ұрып, елді шулатқан Маринаның ерсі қылығы талайды шошындырған. Бірақ, үш баланың анасы бұған азаматтық некедегі күйеуі Константин Овсянников пен енесін кінәлап, солардың қыспағынан осындай әрекетке бардым деп ақталған еді. Алайда,  іс сотқа дейін жетіп, мемлекеттік айыптаушы оны ата-аналық құқығынан айырып, үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған. Бірақ, бүгін үкімді оқыған судья безбүйрек ананың көз жасын аяды ма, әлде жаздым-жаңылдым дегеніне сенді ме, әйтеуір жұмсақтық танытты.

“Сот Марина Тюменцеваны қылмыстық кодекстің 140-шы бабының 2-ші бөлімі бойынша кінәлі деп таныды. Және оған 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 56 725 теңге айыппұл төлеу жөнінде жаза тағайындалды. Сондай-ақ, үш жылға дейін педагогикалық және кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қандай да бір қызметпен айналысуға тиым салынады”, – дейді судья Берік Күзембай.

Осылайша сот залынан айыппұл ғана арқалап шыққан Марина Тюменцева  қуаныштан өксіп қоя берді. Үкіммен келісетінін айтып, алғысын да жаудырды.

“Мен бәрін түсіндім. Сотайтын шығар деп қорыққанмын. Бұл менің өмірімдегі орны толмас қателік. Балаларымыды қатты жақсы көремін. Енді жұмыс іздеп, бар тапқан-таянғанымды солардың аяқтан тұруына жұмсаймын”, – дейді сотталушы Марина.

Қылмыстық істің соңында айыппұлмен құтылған Марина, енді ата-аналық құқығымды сақтау жолында бар күш-жігерімді саламын дейді. Себебі, үкім күшіне енгеннен кейін ғана оны ата-аналық құқығынан айыру мәселесі азаматтық істер жөніндегі сотта қаралады. Ал, түзеу жолға түстім деген Марина, енді жаза баспауға серт беріп отыр.

Тағы да оқыңыз:

Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырысты Әблязовтың бергені расталды

Ұлттық банк электронды ақша жүйесі қауіпті екенін ескертті

Мәжіліс төрағасы “үйде кім қожайын” екенін айтты

Талқылау