Алматы облысында төрт баланың әкесі 7 айдан бері табылмай жатыр
Алматы облысында төрт баланың әкесі, 40 жастағы Бақтыбай Ибрагимов 7 айдан бері табылмай жатыр. Асыраушысынан қол үзіп қалған жары Меруерт Сепбосынова қазір шарасыз күйде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сегіз, жеті, алты жастағы және 10 айлық баласымен қалған әйел қазір күйеуінің аман-есен оралатынынан күдер үзгенін де жасырмайды.
«Ешкімнің жанына емес, өз жаныма ғана батып тұр. Күйеуім жоғалғаннан кейін бірден жұмысқа шықтым. Бірақ 27 мың теңгелік табысым, балалардың тамағына да жөндеп жетпейді. Енді ғана Талдықорған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар арқылы 4 балама 3 айда бір рет берілетін 9 мың теңге көлемінде жәрдемақы алдым. Мемлекет 3 айда бір рет болсын 9 мың теңгеден беріп жатыр. Тәубе. Бірақ, қазір бәрі қымбат. Балаларымды өсіріп-жеткізуім керек. Жолдасымның не тірі, не өлі екенін білмей, жұмбақ күйде өмір сүріп жатырмыз. Есеңгіреп қалдым», – дейді Меруерт Сепбосынова.
Қазір Меруерт баспана жалдап, Талдықорған қаласына қарасты Ащыбұлақ саяжайында тұрып жатыр екен. Балаларына қысты күні аяқ-киім де алып бере алмадым деген жалғыз басты ана жаны жомарт жандар қол ұшын созса дейді. «Бала-шағама көмек берсе деп тілеймін. Төрт баламның болашағына қатты алаңдаймын. Баспанамды ыңғайлап алсам деген арманым бар. Егер ниетті жандар болса, 8775 175 28 86 нөміріне хабарласуларын сұраймын. Қазақ жетімін жылатпаған халық қой, жаны жомарт жандардан үмітімді үзбеймін» -дейді талдықорғандық тұрғын.
Тағы да оқыңыздар:
Қазақстандық студент Қытайда 5 литр қан тапсырды
Қазақстанда мемлекет есебінен үй алатындардың тізімі өзгерді
Астанада әйелі тастап кеткен азамат екі баласымен көлік жуу орталығында күнелтуде