Алматы облысында 33 жастағы азамат әйелін қан-жоса қылып пышақтап өлтірді
Алматы облысында 33 жастағы Бақтыбай Полатбай есімді азамат ажырасқан әйелін қан-жоса қылып пышақтап, өлтіріп кетті. Қанды оқиға Талғар ауданына қарасты Дәулет ауылында болған.
Фото: РИА Новости
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Суық қару ұстап, тапа-тал түсте бейқам отбасының ойранын шығарған “күйеу бала” әу бастан Сирияға кетуді мақсат еткен көрінеді. Үш күн бойы із кескен полицейлер күдіктіні әзірге тапқан жоқ. Ал жауыздықтың құрбаны болған Арайлым Дүйсекованың денесін туыстары бүгін жер қойнына тапсырды.
Дүйсековтер отбасы орны толмас қазадан кейін қайғыдан қан жұтып, есеңгіреп отыр. Ауыр күрсініп, тілге әрең келген анасы қызының соңғы алты жылы қорлық-зорлықпен өтті дейді. Күйеуі қанша ұрып соқса да, екі баламды жетім қалдырмайын деп шыдап келген. Анасының айтуынша, күйеу баласы Арайлымды “Сені құрбандыққа шалып, Сирияға кетемін” деп қорқытқан.
“Ылғи жаман киноларды көретін. Сосын Арайлымды өлтіріп, Сирияға кетемін деп армандап жүрген. Мені ешкім таппайды, қайтып келіп қырамын деді. Қызыма ертең хиджаб кигізіп қоямын, сені құрбандыққа шалам деп армандайтын. Арманына жетті. Туыстары Бақтыбай Полатбай қасақана әрекетті жүзеге асыруы үшін жоспарлы түрде, дайындалды дейді. Ол жексенбі күні түс кезінде бейқам отырған үйге сау етіп жетіп келген”, – дейді марқұмның анасы Әлима Ахметова.
Есік қаққанда алдымен үйден шыққан Арайлымның әкесіне 2-3 рет пышақ нұқып, көзіне газ баллонын шашып жібереді. Ол кісі көзін аша алмай отырып қалғанда, осы жерге жүгіріп келіп, терезені күлдір еткізіп шағады. Содан кейін осы терезе арқылы Бақтыбай ішке кірген. Өзінің кішкентай қызын терезеден шығарып, қашпақ болған Арайлымның шашынан ұстап қалып, бірнеше рет пышақ сұққан.
“Қашқан кезде артынан барып пышақтап тастады. Біраздан кейін мені өлтірем деп еді, сіңілім өлтірмеші, ақылың бар ғой деп алдады”, – деді марқұмның анасы.
4 литрге жуық қан жоғалтқан 31 жастағы келіншек Өтеген батыр кентіндегі ауруханаға жетпей жол үстінде жан тапсырады. Бұған дейін отбасы бірнеше рет полицияға шағымданған. Бірақ Алматыда арнайы жасақта қызмет ететін ағасы көмектесіп, босатып жібереді дейді. Марқұмның ет жақындары қаскөй “күйеу баланы” құзырлы органдар ұстап, әділ жазаға тартуын сұрайды.
“Біз қаматамыз. Бірнеше мәрте. Сол жәрдем беріп шығарып жібереді оны. Полицейлерге біз шағымдандық. Олар келді. Әзірге нәтиже жоқ. Үш күн болды. Іздеп жатырмыз деп айтады. Әзірге нәтиже көріп отырғанымыз жоқ”, – дейді марқұмның әкесі Әділхан Ахметов.
Ал Арайлым Дүйсекованың артында қалған Расул мен Кәусар атты қос бірдей бүлдіршін аналары қашан келер екен деп алаңсыз күтіп жүр. Қазаға жиналған қауым болса, марқұмның аруланған денесін ақтық сапарға алып кетіп бара жатты. Бекзат есімді жергілікті полиция инспекторы бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Бірақ Сирияға кетуді көздеген жігітті іздестіру жұмыстары республика емес, әзірге облыс көлемінде ғана жүргізіліп жатыр екен.