Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында қоқысқа тұншыққан жұрт жаппай ауруға шалдығып жатыр

Қоқыс полигоны түбімізге жетті! Бүгін Алматы облысында шыдамы таусылған тұрғындар осылай деп, шенеуніктерден араша сұрады. Өйткені, тұтас бір ауыл іргедегі полигонның иісіне тұншығып біткен. Ал, экологиялық қауіпті аумақ жабылудың орнына, күн сайын тонналаған қоқыспен толып жатыр. Содан жұрттың үйіне кеміргіштер де қаптапты. Тіпті, қолқаны қабатын иістен ауру болып жатқандар көп, деп хабарлайды КТК арнасы.

кокыска туншыккан4

Іргедегі қоқыстың қолқа қабатын иісіне әбден тұншыққан тұрғындардың осылай шу шығарудан басқа амалы қалмаған. Әйтпесе, Қарасай ауданында айтқан шағымға құлақ асар атқамінер табылмай тұр.

Тұрғындардың айтуынша, қоқыс полигонының пайда болғанына 10 жылдай уақыт өткен. Бастапқыда көлемі кішкентай болыпты. Уақыт өте келе 3 гектар аумаққа дейін жеткен. Мұнда тамақ қалдықтары, пакет, пластик ыдыстар, тіпті ит-мысықтың өлексесіне дейін табуға болады

Жыбырлаған жәндік пен құс біткен де осында үйір. Әсіресе, кеміргіштер көп. Ал, олар полигоннан 500 метр жердегі үйлерге қаптап барып жатыр. Мұндағы сасық иіске бір сәт шыдау да мүмкін емес.

«Балалар қайта ауруханаға жатып жатыр. Ауру балалар көп», – дейді Ұмтыл ауылының тұрғыны Бақыт Бегалтиев.

Сондықтан, жұрт далаға шықса бет-жүзін қымтап, үйде есік-терезесін жауып отырады. Ал, тұрмыстық қалдықтар ауылдағы көлге дейін жетіпті. Сондықтан, бұрынғы демалыс орны да қазір қауіпті аймаққа айналған. Ал, гектарларға созылған полигон алғашқыда тек осы Ұмтыл ауылының қоқысын төгуге арналған шағын шұңқыр болған. Жағдайдың ушығуына қалалықтардың қоқысы себеп.

«Күніне машина өтеді», – дейді тұрғындардың бірі.

Ал, оның пайдасын осындағы жалдамалы жұмысшылар көріп отыр. Олар қоқыс әкелген әр машинадан ақша алып, қалдықты төгуіне рұқсат береді. Жұрт осыны айтып шенеуніктерге де талай барған. Бірақ, олар 10 жылдан бері уәде берумен келеді. Бүгін де аудандық атқамінерлер тұрғындардың «полигон жабылсын» деген талабын орындаймыз деп кезекті рет сендіруге тырысты.

«Сараптама бойынша,  прокуратураның талаптары бойынша бұл заңға қайшы. Қазіргі уақытта жабылуы қарастырылуда», – дейді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Сатубеков.

Бірақ, оның қашан жабылатыны белгісіз. Ал, мұнда қоқыс әкелуге әкімдік баяғыда тыйым салыпты. Енді, оны пысқырмағандарға да тиісті шара қолданамыз деп отыр.

Жіберіп алмаңыз:

Елімізде сайлау кезінде интернеттегі үгіт бақылауға алынбақ

19-21 тамызға арналған ауа-айы болжамы

Түркістанда мұғалімдерді жаппай ақысыз демалысқа мәжбүрлеп жіберіп жатыр

Шымкент көшесінен табылған “мәйіт” кенеттен оянып кетті

Талқылау