Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында көпбалалы ата-ана 2 әйел мен 14 баланы өз қамқорлығына алды

Алматы облысында ерлі-зайыптылар шаңырағын жетімдер үйіне айналдырған, деп хабарлайды КТК.

Онсызда 5 баласы бар отбасы күйеуінен зәбір көрген 2 келіншек пен 14 баланы бауырларына басыпты. Сөйтіп, жалпы саны 23 адам аядай үйде тұрып жатыр. Соған қарамастан тағы да аш-жалаңаш жүрген бүлдіршіндерді қамқорлыққа алуға дайын. Тек бұған баспананың тарлығы тосқауыл болып тұр.

Шағын болса да, бұл үй тастандылардың ыстық ұясына айналған. Әйтсе де, Зарина мен күйеуі бала асырап аламыз деп ешқашан ойламапты. Өйткені, онсызда өздерінің 5 перзенттері бар. Алайда, 4 жыл бұрын маскүнемдердің қараусыз жүрген ұл-қыздарын көріп, еш ойланбастан оларды өз үйлеріне алып келген.

“Ішкіш ата аналары жазықсыз балаларды ұрып-соққан. Тамақ та бермеген. Сондықтан, оларды үйге алып келдік. Бұған ешқашан өкінген емеспіз. Бар байлығымыз  балалар. Қайда барсақ да, үйге тезірек оралғымыз келіп тұрады. Олардың да біздің қасымыздан кеткілері жоқ”, – дейді көпбалалы ана Зарина Шумаева.

Ерлі-зайыптының әр баланы асырап алуы бір тарих. Ең бастысы, ағайындындыларды бір-бірінен ажыратпаған. Тіпті, кейбірін анасымен қоса қамқорлыққа алыпты. Сондықтан, бұл тек жетімдер емес, аналар үйіндей. Мәселен, барар жері,басар тауы қалмаған Зейнаптың 2 баласымен мұнда тұрып жатқанына 1 жыл. Жуырда қатарға 4 перзентін жетектеген Надежда да қосылған.

“Күйеуім ішіп, ұрып, түнде үйден қаштық.  Далада балалармен жүргем, содан кейін, Заринамен сөйлесіп, мына жаққа келдік. Мен мына жақтан кетпеймін”, – дейді көпбалалы ана Надежда Кузмань.

Расымен, бәрі тату-тәтті өмір сүруде. Қазір асыранды балалар саны 14-ке жеткен. Алайда, оның үшеуі ғана Шумаевтардың тегін алыпты. Қалғандарының құжаттары енді әзірленіп жатыр. Мейірімді жандар оларды бөліп жарымайды. Бәрі де өз перзенттеріндей. Әрі  ештеңеден кем қылмау үшін күні-түні еңбек етеді екен. Өйткені, үлкен отбасыға тек бір күнде 7-8 бөлке нан керек. Ал, тамақты үлкен қазанға пісіреді.

Бұларға қоғамдық қорлар да қол ұшын созуда. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары жетімдерді жаппай асырап алушылар қатары артыпты. Қазір елімізде 10-нан аса баланы бауырға басқан құшағы кең 22 отбасы бар.

“Жетімдерді асырап алушылар саны артты. Бұған деген қоғамның көзқарасы өзгерді. Ол үшін қалталы болу міндетті емес. Бастысы, жан дүниенің кеңдігі”, – дейді «Детство »отбасын қолдау орталығының жетекшісі Адиля Абдалимова.

Осы жанұяның мүшесіне айналғысы келіп, қоңырау шалатын мұқтаж жандар көп.  Ерлі-зайыптылар да оларды қабылдаудан бас тартпайды. Тек бұған баспананың тарлығы тосқауыл боп тұр. Қазірдің өзінде жалпы саны 23 адам кішкентай үйге әрең сияды. Сондықтан, олар көпке қол жаюға мәжбүр.

Тағы оқыңыз:

АҚШ пен Германия азаматтары тарапынан қазақ қыздарының пәктігін сатып алуға сұраныс көптеп түсуде

Алматылық жігіт бір қазаққа жерін тегін беретінін айтты

Шымкентте 21 жастағы орыс жігіті ислам дінін қабылдап, сүндетке отырды

Талқылау