Алматы базарында манты сатқан азамат қала орталығынан үлкен мейрамхана ашты
Бірнеше жыл бұрын Алматы базарында манты сатқан азамат қала орталығынан үлкен мейрамхана ашты. 5000 түйесі бар кәсіпкер енді ұлттық сусын шұбатты әлемдік брендке айналтыруды көздейді.
Түйелерін Алматы облысында бағатын Сыдық Әбуұлы 200 адамды жұмыспен, қазақстандықтарды шұбатпен қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды 31 арна.
17 жыл бұрын 40-50 түйем болса деген арманмен кәсіп бастаған Сыдық Дәулетовтің тағы бір түйесі боталаған сәт. Туылған әр ботаға ерекше қуанамын дейді. Кейде мыңғырған түйелерге қарап тұрып, өзінікі екеніне сене алмай қарайды екен. Дәулеті тасыған кәсіпкерді масаттанудан сақтайтын өз «Аяз би хикаясы» бар.
“Бала-шағаны бағу үшін Алматының үлкен базары «Барахолкаңда» тамақ сатқанбыз. Мындай күнге, мыңғыртып мал бағатын күнге жеткен кезде сол күнімді естен шығармаймын. Себебі күніне 200 манты сатып сонымен бала-шаға бақтым. Ол күннен қазіргі күнім жақсы ғой деп сол күнді көбірек еске аламын”, – дейді Сыдық Дулетов.
Сыдық Әбуұлы алғашқы түйені де манты сатқаннан түскен қаржыға алған. Қазір түйеcінің саны 5000-ға жеткен. Ал әлемде ең түйесі көп араб шейхі 5800 түйе өсіреді екен.
Қожалықтың бір қорасында буаз түйелер бар. Олардың саны 600-дей. Ал қожалықта дәл осындай 20 қора бар.
Шаруалықтың түйелері төлдеп жатыр. Жұмысшыларда тыным жоқ. Жаңа туған ботаны балаша мәпелеу керек дейді. Одан бөлек 1000-нан астам түйе сауылады. Кәсіпкердің ендігі мақсаты тәулігіне тонналап өндірілген сүтті ұнтаққа айналдыратын зауыт ашу. Күніне екі мәрте сауылатын түйеден мол сүт алудың да сыры бар екен.
“Кішкене ашуланып, ұрып-соғып сауатын болса, ол аз береді, саудырмай кетеді. Ал былай сипап, еркелетіп неғылса, сүтті де көбірек, соған байланысты беруі”, – дейді малшысы.
Ал табиғи таза сусынды елдімекендерге жеткізіп, нарыққа шығару да қиындығы бар іс. Сыдық Дәулетов жуырда Алматы орталығынан түйе өнімдерін сататын орталық ашты. Түрлі сүт пен ет өнімдерінен халық тамсана дәм татуда.
“Ең басында бір-екі дос баламызбен келдік. Содан кейін жанұямызды алып келдік. Тағамдары шынымен керемет. Өзіміздің қазақтың ұлттық тағамдары. Кейбір тағамдармен осында келіп танысып жатырмыз”, – дейді мейрамхана қонағы.
Шұбатханада бірнеше шағын зал мен үлкен банкет залы да бар. Ұлттық нақышта әрленген орталықта тек табиғи өнімдермен қуаттанғысы келетін қала тұрғындары көбейіп жатыр дейді кәсіпкер.
Тағы да оқыңыз:
Журналист: Аса қадірлейтін Дулат Исабеков ағам ата сақалы аузына түскенде неге өтірік айтады
Балғынбек Имашев: “Жүрсіннің жүйрігі” болсақ та, жекеменшік ақыны емеспіз
Алматы облысының тұрғындары аязда өздігінен пайда болған алып мұзды көріп таңғалуда (фото)