"Алматының Ерменсай таулары мен ормандары генерал-майордың жеке меншігіне өтіп кеткен" - Депутат генералмен кездесті (видео)
Қазір демалыста жүрген бірнеше депутат Алматы облысындағы Ерменсай бөктеріне барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі.
Олар аталған жерден видео жариялады. Депутат Бақытжан Базарбек ІІМ генерал-майоры Павел Максимович Новиковқа тау бөктеріндегі 900 гектарға жуық жер қалай берілгенін айтты.
"Маусымда Парламент Мәжілісінің пленарлық жалпы отырысында Алматының Ерменсай таулары мен ормандары 18 кадастрлік нөмермен заңды тұлғаның жеке меншігіне өтіп кеткенін мәлімдедім. Прокурорлардан тексерістің ашылуын талап еттім. Бас прокуратура тексеріс ашпағаннан соң "Жер аманаты" республикалық жер комиссиясы аясында өзім арнайы комиссия құрып, аталған жерлерге әріптестерім Ерлан Стамбеков, Сергей Пономарев және Алматы қаласы жер ресурстарын басқару Департамент басшысы Ержан Ташпенбетовпен, "Аманат" партиясы өкілдерімен барып қайттық. Аталған тау бөктері және орманмен қамтылған 860 гектар жердің иесі ІІМ генерал-майоры Павел Максимович Новиков болып шықты", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі жазбасында.
Оның айтуынша тау бөктерінің аумағына бөгде адамдар кіре алмайды.
"Жердің меншік иесі – генерал Новиков. Тау бөктерінің бәрі соның жекеменшігі екен. 2004 жылы Қарасай ауданы әкімдігі осы жердің бәрін оған беріп жіберген. 2015 жылы Байбектің кезінде бұл жер 18 кадастрлық нөмірге бөлінген. Тау бөктерін аралау үшін жарты сағат керек. Кіре берісте шлагбаум қойылған. Адам кіре алмайды. Сондықтан, біз депутаттар осы жерге келдік. Маған Ерменсай өңірінің адамдары арыз жазған. Жерді тексеруді өтінген. Сол үшін келіп отырмыз", - деді ол.
Аталған жерге жердің меншік иесі генерал Новиков та келген екен. Видеода депутаттың генералмен сөйлескен сөзі көрсетіледі. Новиков жерді қайтаруда өз позициясын айтады. 800 гектардан астам жердің өртеніп кетпеуіне, жабайы ағаштарына, жануарлар әлеміне жауапты екенін түсіндірмек болады.