"Тіс те, ақша да жоқ": Алматылықтар жеке тіс дәрігерін салғырттық танытып, алаяқтық жасады деп айыптады
Фото: Видеодан скрин
Алматыда ондаған науқас жеке тіс дәрігерін салғырттық танытты деп айыптады. Голливудтық күлкіге қол жеткіземіз деген тұрғындар денсаулықтан да, ақшадан да айырылдық деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Науқастар тіпті Amanat партиясының қоғамдық қабылдау бөліміне де жүгінген.
“Жоғары жақ тістеріме цирконийден жасалған қаптама қоямыз деді. Екі рет қойғанымен, нәтиже көңілімнен шықпады. Екі жолы да дұрыс келмеді. Көзге де нашар көрінді. Қазір мен тіссіз қалдым, ақшам да жоқ”, – дейді клиент Назгүл Сәрсенова.
Фото: Видеодан скрин
Науқастар стоматологиялық қызмет туралы әлеуметтік желі арқылы білген. Олар алдын ала төлем жасаған соң, стоматологияны таппай қалған. Себебі телефонға жауап бермей, мекенжайын да өзгертіп жіберген.
"Мен екі миллион теңге бердім. Қолымда келісімшарт та бар. Бірақ ұзақ уақыт ем жасалмады. Оның орнына жай ғана укол салып жүрді. “10 күнде бәрін аяқтаймын” деген. Арадан бірнеше ай өткен соң, келісімді бұзамын дегенде ғана имплант қойды. Бірақ олар түсіп қала берді. Біреуі үш рет түсті", – дейді клиент Жадыра Байшолақова.
Фото: Видеодан скрин
Заңгерлердің айтуынша, қылмыстық жауапкершілік мекемеге емес, нақты маманға жүктеледі. Тіпті, сот клиниканың жұмысын тоқтатқанымен, ол қызметін жалғастырып отырған.
"Зардап шеккендер ең алдымен медициналық көмекке жүгінуі керек. Дәрігерлік қорытынды алып, арнайы комиссиядан өтіп, сол құжаттармен прокуратураға шағымданып, істі тоқтатпау немесе қайта қарау туралы талап қою қажет. Кейін сотқа дейінгі тергеу органы арнайы сараптама тағайындайды. Барлық дәлел болғанда ғана денсаулыққа келген зиян анықталады", – дейді Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Думан Базарбеков.
Әділдік іздеген азаматтар Amanat партиясының қоғамдық қабылдауына ұжымдық арыз да түсірген.
Айта кетейік, бұған дейін тіс дәрігері науқастың имплантын қатты бұрап, миына кіргізіп жібергені туралы жазған едік.

"Есік-терезе жақтаулары бүлінген, едені тесік": Алматылық RAMS Qazaqstan-нан 85 миллион теңгеге алған пәтеріне шағымданды
