Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар қала күнін қалай тойлады

“Рухани жаңғыру” ұлттық жобасының аясында қала күніне арналған мерекелік шаралар 17 қыркүйекте Алматының сегіз ауданында да ұйымдастырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл күндері қала бір үлкен сахнаға айналды. "Сүйемін сені, Алматы" фестивалі перформанстар, интерактивтер, концерттер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Қала тұрғындары 1940 жылдардан бастап қазіргі күнге дейінгі дәуірге терең бойлады. Әр түрлі дәуірдің кейіпкерлері, айтулы оқиғалар, Алматының жан тебірентер әндері, 1960-1970 жылдардың хиттері, билер, реперлердің сайысы, стритдансерлер - мұның барлығын халық тамашалады.

Алматы әкімі Ерболат Досаев та қала тұрғындарын мейрамдарымен құттықтап, дәл осы жерде туғанын да еске салды.

"Әйгілі классик Ремарк "Ең ғажап қала – ол адамның бақытты болған жері" депті. Мен осында туып-өстім, ең жылы естеліктерім осы қаламен байланысты. Мұнда шаңырақ құрдым, балаларым өсіп келеді. Сіз бен біздің сүйікті қаламыз – шынымен жанды қала, ерекше энергетикаға бай шаһар. Қаламыз жайлы мыңдаған арнау жазылды, әсерлі әндер шырқалды, жасыл желекті әдемі көрінісін бейнелеген сансыз суреттер салынды", - дейді Досаев.

Әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта әкімнің қаңтар оқиғасына қатысты бір сөзі де бар. Досаев қаланы Феникс құсына теңеді.

"Алматы тарихында өзге ірі қалалардың тарихындай гүлдену мен құлдырау (төмендеу) кезеңдері және зор қуаныш пен үлкен қайғы сәттері болды. Қаңтардың қайғылы оқиғалары біздің санамызды мүлде өзгертті. Біз қоршаған әлемнің қаншалықты нәзік екенін түсіндік және береке деген байлықты бағалап, оны күйзеліс пен зұлымдықтан сақтаудың маңызына көз жеткіздік. Алматы Феникс құсы сияқты қайта түлеп, бүгін оның белсенді дамуын және қарқынды алға жылжуын көріп отырмыз", - деп атап көрсетті қала басшысы.

 

Талқылау