Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"КамАЗ дөңгелегі таудан домалап келе жатқан": Алматы тұрғыны жаяу жүргіншілерді құтқару үшін жаңа көлігін құрбан етті

Видеодан скрин

Алматылық тұрғын жаяу жүргіншілерді құтқару үшін жаңа BMW көлігін құрбан етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы тұрғыны жүк көлігінен шығып кетіп таудан домалап келе жатқан дөңгелекті өз көлігімен тоқтатқан. 

Оқиға Орбита-2 шағынауданында болған. Куәгерлердің айтуынша, дөңгелек жол бойындағы жаяу жүргіншілерге үлкен қауіп төндірген. 

Көлік жүргізушісі, кәсіби спортшы Сергей Серещевтің айтуынша, оқиға кешкісін, ол жаттығудан үйіне қайтып келе жатқан кезде болған.

"Алдымда Audi көлігі келе жатқан. Бір кезде ол кенеттен бұрылып кетті де, менің бағытыма қарай үлкен дөңгелектің домалап келе жатқанын көрдім. Бұл КамАЗ-дың дөңгелегі екенін бірден түсіндім. Қарсы бағытқа шығып кетпей, рөлді сәл солға бұрып, соққыны көліктің бүйіріне келетіндей етіп бағыттадым. Ойлануға уақыт болған жоқ", – дейді жүргізуші. 

Сергей сол сәтте өзінің артында жаяу жүргіншілердің бар-жоғын көрмегенін, бірақ дөңгелектің әрі қарай домалап кетіп, біреуге зиян келтіруі, тіпті мерт қылуы мүмкін екенін жақсы түсінгенін айтады. 

Ер адам болған жағдайды бірден толық түсініп үлгермегенін мойындады.

"Маған сол сәтте ең көп көмектескен не екенін айтайын ба? Адамдар. Олардың жылы сөздері. Бұл көлігімнің бүлінгеніне деген өкінішті аз да болса жеңілдетті. Демек, бәрі бекер болмаған екен", – дейді ол. 

Оқиға болған жерден түсірілген видеоны Дінмұхаммед Бердібек есімді куәгер жариялады. Ол оқиғадан кейін Сергейге жақындап, соқтығыстың салдарын видеоға түсіріп алған.

Видео желіде танымалдылыққа ие болды. Желі қолданушылары Сергейдің әрекетін ерлік деп атап, оған қолдау көрсетті.

"Сергей, сен кереметсің және нағыз ер азаматсың", "Ол біреудің өмірін сақтап қалды! Бұл – әрқайсымыздың басымызға келуі мүмкін еді!", "Ерлік! Мұндай батыл әрекеті үшін марапатталуы керек", "Біреудің өміріне қауіп төніп тұрғанда, жаңа көлік тек темір ғана болады. Сергей, сен ең үздіксің!", "Суперқаһарман, сізбен мақтанамын", – деп жазды желі қолданушылары. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 05 Тамыз, 2025 20:16
Талқылау
`