Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматылық суретші: Қазақстандағыдай шығармашылық еркіндікті басқа елдерде көрмедім


Қытай Халық Республикасында сурет салу саласы бойынша білім алып, өнерін шыңдау жолында тарихи отанына келген Айбек Әбдірашит бүгінде Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжінде ұстаздық етіп, көптеген жас суретшілерді тәрбиелеуде. Шәкірттерімен бірге өз білімін де жетілдіруге ұмтылған Айбек Қытай мен Қазақстанның шығармашылық тұстарын салыстырып, оқушыларының жетістіктері мен қазақстандық қоғамның сурет өнеріне деген көзқарасы туралы Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне баяндап берді. 

Алматылық суретші: Қазақстандағыдай шығармашылық еркіндікті басқа елдерде көрмедім

Өмірін өнермен ұштастырған отандасымыз Айбек Әбдірашиттің сурет салуға деген қызығушылығы сонау бала кезінен басталған екен. Оның айтуынша, сурет салуға мультфильмдердегі персонаждар итермелеген. 

“Менің сурет салуға деген қызығушылығым бала кезімнен басталған еді. Теледидардан мультфильмдер көреміз, солардың персонаждарын қағаз бетіне аудырмай түсіргім келетін. Персонаждардан бөлек ойыншықтарды салуға деген қызығушылығым да болған. Бұл өнер бойыма ата-анам арқылы келді деп айта алмаймын, өйткені отбасымда менен басқа жандар сурет салумен айналысқан емес. Бірақ анам архитектура мамандығы бойынша білім алған",- дейді Айбек. 

Бала кезіндегі хоббиін болашақта өмірлік жолына айналдырған суретші алдымен Қытай Халық Республикасында білім алып, артынша шығармашылығын дамыту мақсатында тарихи отанына келгенін ашық айтады. 

“Бала кезімде бастапқыда сурет салу өнері жай ғана хоббиім болса, өсе келе бұл хоббиімді мамандандырып, өнер жолында жүруге бел будым. Қытай Халық Республикасында тұрған жылдары сурет салу бойынша бакалаврды бітірген едім, алайда маған ол деңгей жеткізіліксіз болды. Тағы да оқып, көп нәрселерді үйреніп, жаңа белестерді бағындырғым келді.

Алматылық суретші: Қазақстандағыдай шығармашылық еркіндікті басқа елдерде көрмедімОсылайша тарихи отаным Қазақстанға келіп, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына магистратураға тапсырдым. Оқумен қатар жұмысты да алып жүрдім, артынша бітіргеннен кейін осында ұстаздық лауазымына тағайындалып, қазіргі таңға дейін шәкірттер тәрбиелеп келемін”,- дейді ол. 

Өзінің білгенін студенттерге үйретіп жүрген оқытушы лауазымына қарамастан шәкірттерден де көп нәрсе үйреніп, тәжірибе алмасатынын жасырмай жеткізді. 

“Оқытушылықтың бір ерекшелігі – ол шәкірттермен бірге өзің де жаңа дүниелерді үйренетіндігің. Әлі де мен көптеген студенттерімнен үйреніп, тәжірибе алмасып келе жатырмын десем артық айтпаймын”, - деп ағынан жарылды суретші. 

Бір мамандықты екі елде меңгеріп, екі жақтағы білім мен өнерді салыстырған Айбек басты айырмашылық – шығармашылық еркіндік деп білетінін айтты. 
“Қытай Республикасын алар болсақ, мен үшін ол жақта шығармашылық ойдың болмағаны кедергі болды деуге болады. Бұның бір себебі –  халықтың көптігі, ресми тіркелген суретшілердің саны 1 миллионнан асып кетеді. Сондықтан бәрінің жұмысы бір-біріне ұқсап кеткен сияқты.

Алматылық суретші: Қазақстандағыдай шығармашылық еркіндікті басқа елдерде көрмедімБұл мүмкін сол тұстағы шығармашылық еркіндіктің жоқтығынан болған шығар. Қазіргі таңда Қытай мемлекетінде көптеген жас дарындар шығып жатыр. 2000 жылдары  Қазақстанға келгенде мен өнер адамы ретінде шығармашылық еркіндікті сездім, ол маған ұнады. Жергілікті басқа да жас суретшілермен жақсы қарым-қатынаста болдым. Тәжірибе алмасып, еркіндікті сезген соң, бойымдағы өнерім шыңдала түсті.

Сондықтан өнер адамы ретінде осы Қазақстанда қалыптастым. Жиырма жыл бойы сол өнерімді дамытумен айналысып келемін, белгілі бір деңгейге жеткен шақта басқа деңгейге шыққым келеді, әрдайым ізденісте боламын”, - дейді екі елдегі суретшілердің айырмашылықтарын айқындаған ұстаз.

 Ол жоғарыда атап өткен шығармашылық еркіндікті Қытай мемлекетінен басқа да Қазақстанмен көршілес әрі жақын елдерден байқамағанын айтады. 

“Қазақстанда суретшілер аз болса да, әрқайсысының туындысы өзінше ерекше. Әр суретші өзінің техникасымен, өзінің ойымен салады, сондықтан жұмыстары бір-біріне ұқсамайды.  Отандық суретшілердің туындыларына “аз нәрсенің бағасы да, сапасы да жоғары болады” деген баға беруге болатын шығар”, - дейді ол. 

Алматылық суретші: Қазақстандағыдай шығармашылық еркіндікті басқа елдерде көрмедімАйбек Әбдірашит қазақстандықтардың отандық туындыларға деген қызығушылықтарының орта деңгейде екенін айтты. 

“Қазіргі қоғам суретшілердің еңбегін бағалай біледі, тіпті отандық суретшілердің туындыларын арнайы тапсырыспен сұрататын тұлғалар бар. Бірақ соңғы жылдары экономикалық дағдарысқа байланысты ма, мүмкін басқа да бір себептермен отандастарымыздың көбін галереялардан көре алмайсың”, - дейді ол. 

Айбек Әбдірашит бүгінгі таңда қандай суретшілердің жұмысы жоғары бағаланып, кімді өзінің кумирі ретінде санайтынын айтып берді. Суретші Кенжебай Дүйсенбаевтың жасына қарамастан туындыларын өзгертіп тұратынын батылдылыққа балап, өзінің де өзгеруге әрдайым дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, тапсырыспен белгілі сурет салғаннан гөрі, өзінің ойындағы дүниелерді қағазға түсіргенді ұнататынын да жасырмады. 

“Негізі тапсырыспен сурет салғанды өз басым ұнатпаймын, өйткені ол туынды өзімнің ойымнан шықпаған дүние болады. Тіпті портрет салған кезде де өзіндік ерекшелігі бар натураларды салғым келеді. Ол тарапқа қатты сұлу адамдарды жатқыза алмаймын, өйткені сырты сұлу болып тұрған жанның ішкі дүниесін суретші мүлде басқаша көруі мүмкін. Өйткені, суретші психологтай адамның ішкі сезімін білу қасиеттеріне ие”, - дейді. 

Шығармашылық өмірін қорытындылай келсек, Айбек Әбдірашиттің өзі де, шәкірттері де бүгінге дейін көптеген отандық әрі халықаралық байқаулар мен көрмелерге қатысып, басты жүлделерге ие болған. 

Алматылық суретші жас шәкірттерден бөлек бес бала тәрбиелеп отыр. Жұбайы да өнер саласының адамы, балалары да өнерге жақын екен. 

“Отбасыма келер болсақ, жұбайым да өнер саласының адамы. Бес балам бар, үлкен үшеуі де ата-анасына ұқсап, шығармашылық жолда жүр. Екі қызым таэквондомен айналысады, бүгінгі таңда осы спорт түрінен көптеген жетістіктерге жеткен.

Ұлым музыкалық аспапта ойнайды, әрі әкесіне тартып, хобби ретінде сурет салумен айналысады. Егер болашақта суретші болғысы келіп жатса болар, болғысы келмеген жағдайда оны қинамаймын, өзінің қалауымен өмір сүргені дұрыс деп білемін”, - дейді отбасы туралы қысқа қайырған суретші. 

Сондай-ақ, көпбалалы әке ретінде қоғамда болып жатқан мәселелерге бей-жай қарамайтынын айтып, бес баласында ең алдымен мемлекет үшін емес, өзі үшін өсіріп-жеткізетінін айтты. 

"Балаларымның көп болғанын қалаймын, Құдай беріп жатса неге көп балалы болмасқа? Көп тұрмақ бір балаға жете алмай жүрген қаншама жандар бар. Көпбалалы отбасылардың жағдайына қатысты айтатын болсам, әр ата-ана өзінің балалары үшін өздері жауапты, баланы тапқаннан кейін мойнындағы жауапкершілікті ұмытпау керек. Оларды бағып-жеткізу әрине материалдық жағдайға байланысты, алайда бала тәрбиесіндегі ең маңызды дүние – ол ұрпақты қоғамға адам қылып жеткізу. Басты ата-аналық парыз да осы. Кедей болса да, баланың бойына адами қасиеттерді сіңірте білсе, сол ең бірінші жетістік", - деп сөзін қорытындылап, балаларын асырауға қиналатын ата-аналарға кеңес берді. 

 

Stan.kz ақпараттық агенттігінің ұжымы отандық суретші Айбек Абдрашитке шығармашылық табыс тілеп, болашақта халықаралық деңгейлік суретшілер қатарында болуына, өз балаларының да, колледждегі шәкірттерінің де үлкен жетістіктерге жетуіне тілек білдіреді.
 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр