Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

26 жастағы қазақстандық қауіпті жағдайға тап болған әйелдерге жедел көмек көрсету үшін арнайы қосымша жасап шығарды

Қазақстанда әйелдер мен балаларға арналған AMAN Online жедел шақыру сервисі іске қосылды. Қолданбаны қазірдің өзінде App Store қосымшасынан жүктеп алуға болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ашық дереккөзден

"Қосымша жасау идеясы Қазақстандағы әйелдер мен балалар қауіпсіздігінің өткір мәселесінен туындады. Біз күн сайын жаңалықтардан әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты көреміз. Көшеде біреу сізді аңдып жүрсе немесе үйде үнемі зорлық-зомбылық көрсетілсе, бұл қаншалықты қорқынышты екенін түсінемін. Мен өзімді және достарымды қорғағым келді", – дейді қосымша әзірлеушісі 26 жастағы Аружан Меде.

Оның айтуынша, қосымша жәбірленушіні лицензияланған жеке күзет қызметтерімен байланыстырады. Алдын ала жасалған сынақ бойынша, қоңырау шалынғаннан кейін қауіпсіздік агенттігі қызметкерінің келу уақыты 7-10 минутқа тең болады.

"Қауіп төнген жағдайда қыз-келіншектер көмекке шақыруды бірден іске қосатын SOS түймесін баса алады. Көмек күту кезінде қолданба дыбыс пен бейнені және пайдаланушының айналасында не болып жатқанын жазып алады. Сонымен қатар қосымша жақын адамдарының контактілерін қосуға мүмкіндік береді. Жақындары адамға қауіп төніп тұрғаны туралы хабарламаны орналасқан жері көрсетілген түрінде алады", – деді Аружан Меде.

Мобильді қосымша қылмыстардың алдын алу, өңдеу және құжаттандыру қағидаты бойынша жұмыс істейді. Егер түйме кездейсоқ басылса, қоңырауды 15 секундта тоқтатуға болады. Аудио және бейне жазбалар бұлттық қызметтерде жазылады және полиция деректерді талап етпесе, екі аптадан кейін жойылады. Әзірге бұл қызмет тек Алматы мен Астана тұрғындарына қолжетімді және пилот режимінде жұмыс істейді.

AMAN Online әзірлеушісі дағдарыс орталықтарымен серіктестік орнатуды, сондай-ақ әйелдер қауымдастығын құруды жоспарлап отырғанын айтты.

Әйелдердің қауіпсіздігіне арналған SOS қолданбалары басқа елдерде бар. Сонымен қатар смартфондардың заманауи үлгілерінде төтенше жағдай кезінде жедел қызметтерге жылдам қоңырау шалуға немесе таңдалған контактілерге дабыл жіберуге мүмкіндік беретін жедел қоңырау функциясы бар.

Талқылау