Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық суретші ұлы Абайдың 18 метрлік портретін сумен бейнеледі

Алматылық суретші Джохар портрет пен сурет туындыларын салумен айналысады. 23 жасында жас жігіт бүкіл Қазақстанға танымал болып үлгерген. Жақында суретші Абайдың 175 жылдығына арнап ұлы ақынның бейнесін кескіндеді. Ешқандай бояусыз бейнеленген портрет қала ішіндегі көшелердің бірінде ені 10 метр, ұзындығы 18 метр болып асфальтқа салынды. Stan.kz тілшісі суретшімен тілдесіп, таланты мен талабы, көпшілікті сүйсіндірген Абайдың портреті жайлы сұрап білді.

Джохар қазақстандық танымал тұлғалар мен ел елеулілерінің бейнесін қағазға түсіреді. Осы уақытқа дейін ол Димаш Құдайбергеннің портретін салған. Ендігі кезекте туындысын Жақсылық Үшкемпіровке арнамақ. Одан бөлек, жас талант 3D форматындағы суреттерді де кесіндейді.

- Джохар, өзіңіз туралы, шығармашылығыңыз жайлы айтып берсеңіз. Бұл талант па әлде жылдар бойы дамыған қабілет пе? Қай жерде білім алдыңыз?

- Жасым 23-те. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкермін: сурет, портрет, street-арт, интерьер дизайнмен айналысамын. Бұл әрине, жылдар бойы дамыған қабілет. Өйткені жылдар бойы қызығушылықпен жасалатын еңбек талантқа айналады деп есептеймін. Темірбек Жүргенов атындағы қазақ Ұлттық өнер академиясының мектеп-интернат, колледжін бітірдім. Қазақ Бас сәулет құрылыс академиясында "Сәулет" мамандығын иегердім. 

- Суретшілікпен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

- Суретшілікпен 5 жас бала кезімнен айналысып келемін. 6-сыныптан бастап ҚазҰӨА-сына түсуге дайындалдым. 2015 жылы колледж бітірген соң кәсіби суретпен айналысуды бастадым.

- Абай портретін салу идеясы қалай келді және не себепті суды қолдандыңыз? Басқа қандай құралдар қажет болды? Жобаға кім көмектесті?

- Инстаграм желісінде сумен жазу жазып тұрған қызды көрдім. Сол бейнебаянды көрген сәтте, сумен үлкен портрет салуға болатынын түсіндім. Суды қолданған себебім, сумен бұндай суретті әлі ешкім салмаған деп ойлаймын және бұл өте ерекше техника. Судан басқа борды қолдандым. Жобаға өзімнің досым Влад Лобанов көмектесті. Ол кәсіпқой фотограф және видеограф. Жұмыстың басынан аяғына дейін видеоға түсірген осы досым.

- Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар? Кімнің портретін салу ойыңызда бар?

- Алдағы уақытта шығармашылығымды олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке арнағым келеді. Бұл жолы су емес, мүлдем басқа материалдардан жасаймын. Және де өзіммен бірге 10 шақты көмекшім бар.

- Димаш Құдайбергеновтың портреті жайлы айтып беріңізші. Қалай жасалды, идея қалай келді?

- Досым екеуміз кафе қабырғасына сурет салып жүрдік. Ол кафеде әлі де жөндеу жұмыстары жүріп жатқан болатын. Түнде жұмысымызды бітіріп, жиналдық. Сол сәтте мен жерде шаң басып жатқан, сол шаңның үстінен біреу саусақпен "Зеркало" деп жазып кеткен үлкен айнаны көріп қалдым. Жазуды көріп, неге сурет салып көрмеске деп ойладым. Бірнеше сағат бұрын досым екеуміз Димашдың Нью-Йорктегі концертін көргенбіз. Ойыма бірден Димаш келді. Досыма телефонды беріп, видеоға портрет салу барысын түсірттім. Ол суретке жарты сағаттай уақыт кетті. Келесі күні әлеуметтік желілер арқылы бейнебаян бүкіл әлемге тарап кетті.

- Табысты суретші болу үшін қандай қабілет керек?

- Табысты суретші болу үшін ең бастысы қызығушылық керек. Суретке адамның қызығушылығы неғұрлым мол болса, соғұрлым ерінбей еңбек ете береді. Қорықпай тәжірибе жасай беру керек.

- Әңгімеңізге рахмет, шығармашылық табыс тілейміз!

 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 12 Қазан, 2020 12:55
Талқылау