Алматылық оқушы қыз әлемнің 7 үздік университетіне оқуға түсті
18 жастағы алматылық Айбике Бекмұхамбетова мектепті үздікке бітірді. Енді оны әлемнің жеті университеті оқуға шақырып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Айбике Бекмұхамбетова бала кезінен шетелде оқуды армандаған. 1 сыныптан бастап тілдерді оқып, нақты ғылымдарға басымдық берген. 16 жасында қыз мектепті экстернмен (оқу орнында оқымай емтихан тапсырушы) бітіріп, Уэльс астанасы Кардиффтегі беделді мектеп-интернатқа оқуға түседі. Дәл сол жерде әртүрлі елдердің озат және талантты оқушыларын әлемдегі үздік жоғары оқу орындарына түсуге дайындайды.
“Мен Cardiff Sixth Form College-ге оқуға түстім. Бұл мектеп Англиядағы рейтиингі жоғары A-level бағдарламасына кіретін Англиядағы алғашқы мектеп. Оқуға түсу оңай болған жоқ. IELTS тапсырдым. Одан соң өздерінің емтихандарын физика, математика, химия, биология пәндері бойынша тапсырдым”, – дейді Айбике.
Ол жаққа оқуға түсудің өзі – үлкен жетістік. Бірақ Айбике қытайлық, сингапурлық, британиялық құрдастарынан асып түсті. Осы жылы мектепті бітіріп, барлық пәндер бойынша ең жоғары балл алды. Нәтижесінде әлемнің бірнеше жоғары оқу орындарына бірден түсуге мүмкіндік алды.
"Англиядағы өзім тапсырған барлық бес университетке түстім. Ал Америкадағы екі жоғары оқу орнына түстім. Мен Англияда қалып, UCL оқу орнындағы қолданбалы медицинаны таңдауға шешім қабылдадым. Қолданбалы медицина – медицинаның әртүрлі технологияларды қолдану", – дейді ару.
Айбике өз өмірін биомедицинамен байланыстыруға және осы салада үлкен жеңістерге жетуге ниетті. Айбике өзінің жетістігінің құпиясы қарапайым қажырлы еңбек пен табандылық екенін айтады. Әрине, жақын адамдарының қолдауы да маңызды.
"Қызым әрдайым шетелге оқуға барғысы келетін. Сондықтан оның осындай жетістіктерін көре отырып, біз одан бас тарта алмадық. Бірінші сыныптан бастап, тіпті одан да ерте дайындала бастадық. Мектеп тарапынан өте жақсы қолдау болды. Әрдайым алғысымыз шексіз", – дейді анасы Гүлнара Бекмұхамбетова.