Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық кәсіпкерлер нан қалдығынан үй жануарларына жем жасау тәсілін ойлап тапты

Алматылық кәсіпкерлер қалдық наннан үй жануарларына жем жасау тәсілін ойлап тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап. 

0Қоқысқа тасталған нанды жинап, оны қайта өңдеуді қолға алған екі ағайынды екі аамат үш күнде 600 келі жем шығарған. Әлеуметтік жоба тұрғындар арасында үлкен қызығушылыққа ие болып отыр.

Олардың цехында қоқыш жәшігінде көгеріп жатқан нандар өңдеуден өтеді. 

Ағайынды Сәрсеевтер жемді дайындау процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен кепкен нан мынадай аппаратқа түсіп, осында үгітіледі. Әрі қарай үлкен ыдыста араластырылып, арнайы түйіршіктейтін құрылғының көмегімен жануарларға қажетті жем алынады.

Карантин кезінде жұмыстары тоқтаған кәсіпкерлер халыққа пайдасы тиер іспен осылай айналысуды ұйғарыпты. Жобаны Тұрғын үй саясаты басқармасы да қолдап, нан жинайтын жәшіктерді қоятын орындарды бекітіп берген.

" Қазір арнайы бөшкелер Әуезов ауданында 248 жерге қойылған. Алдағы уақытта қаланың барлық жері қамтылмақ. Бір жинап келгенде 100 нүктеден әзірге 600 кг шығып жатыр. Бірақ ақырындап өсіп жатыр. Жұрт та түсініп, өздері бөлек жинап беріп жүр. Үй жануарларына да, сиыр, жылқы, қой, тауыққа да беруге болады. Балыққа да беруге болады", – деді кәсіпкер Бағдат Сәрсеев.

Құнарлылығы бидайдан кем емес өнімнің сапасы мен құрамы да арнайы зертханада зерттеліп, мақұлданған дейді Бағдат Сәрсеев. Ал сары бөшкелер қалалықтар үшін өте ыңғайлы болып тұр.

“Халық нанды жерге таптағанша, осылай бөлек жинаған дұрыс деген пікірдеміз. Кейде шашылып жатқан кезде жүрегіміз ауырады. Бір көтересің, екі көтересің. Бүкіл шашылған нанды көтеру мүмкін емес қой. Ал мына бөшкелер ыңғайлы болды. Бұрынғыдай шашылып жатпайды. Нанның қадірін қазірден үйретпесек, бала кейін оны түсініп, біле қоймас", – дедйі Әуезов ауданының тұрғыны Бота Әлімғазина.

Нан қалдықтарын қоқысқа тастау обал екенін алға тартады.

"Бұл – тамаша идея. Маған қатты ұнады. Өйткені көпқабатты үйде нан қалдығын қайда тастауды білмей қаласың. Амал жоқ, қоқыс жәшігіне тастауға мәжбүр боламыз. Нан қалдығының бәрін көгертіп жинап қоя алмаймыз ғой. Негізі, жақсы ойлап шығарған", – дейді тағы бір тұрғын Гүлімай Серікбай.

Кәсіпкерлердің әзірге клиенттері көп емес. Әйткенмен халыққа берер игілігі мол. Алдағы уақытта өнімді кеңейтіп, өндірістің 20 пайызын нанды қайта өңдеуге, қалған 80 пайызын тыңайтқыштар шығаруға бейімдемек. Тіпті, жиналып қалған полиэтиленді де қайта өңдеуді жоспарлап қойған.

Талқылау