AAPL
142.92 $
0.96 %
TSLA
695.2 $
-0.57 %
NDAQ
156.79 $
-0.44 %
GOOGL
2291.44 $
1.16 %
FRHC
46.29 $
2.91 %
AAPL
142.92 $
0.96 %
TSLA
695.2 $
-0.57 %
NDAQ
156.79 $
-0.44 %
GOOGL
2291.44 $
1.16 %
FRHC
46.29 $
2.91 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бүгінгі заман жан-жақтылықты талап етеді": Алматылық кәсіпкер инновациялық тәсілмен жем-шөп өсіріп отыр

Алматылық Нұрас Тәлім – топырақты пайдаланбай-ақ жем-шөп өсіріп отырған жас кәсіпкер. Алматы облысына қарасты Қарабұлақ ауылында тұратын ол бүгінде ірі мал шаруашылығы кешендерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Өз кәсібін қалай дөңгелетіп отырғандығын ол Stan.kz тілшісіне айтып берді.

– Нұрас мырза, ең әуелі оқырмандарымызға  еліміздегі тың тәсілдің бірі болып табылатын гидропоника туралы айтып берсеңіз...

– Гидропоника тәсілінің ең басты ерекшелігі – мұнда топырақ пайдаланылмайды. Гидропоника – құрама жемге балама бола алатын экологиялық таза өсімдікті өсіру тәсілі.

– Өзіңіз инженер-техник мамандығының иесі екенсің. Жалпы гидропоника бағыты бойынша кәсіп бастауыңызға не түрткі болды?

– Кәсіпкер болып қоғамға пайда тигізуді көздедім. Әрі өзімнің алға қойған мақсаттарымды жүзеге асырғым келді. Гидропоника сияқты инновациялық бағытты таңдауымның сыры – бұл тың тәсіл. Біраз уақыт осы саланы зерттеп, «Қандай қиыншылықтары бар? Қандай мүмкіндіктері бар?» деген сұрақтарға жауап іздедім. Мұнымен айналысып жатқандар көп емес екен. Әрі өнім де қоғамның сұранысына ие. Сондықтан да осы бағытты таңдадым.

– «Бастау Бизнес» сенің кәсібіңізге даңғыл жол ашыпты. Мемлекеттік грантты қалай иелендіңіз?

– «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен іске асып жатқан «Бастау бизнес» бағдарламасы еліміздегі көптеген азаматтардың өмірден өз орнын табуына септігін тигізіп келе жатыр. Ең әуелі «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасы бойынша оқытудан өттім. Сөйтіп, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша гранттар байқауына қатыстым. Жоғарыда атап өткенімдей, дәнді-дақылдарды пайдалана отырып, гидропоникалық жасыл жемшөп өсіруді ұйымдастыру және оны түйіршіктеу жобасын қалай жүзеге асыратынымды бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп, оны қорғап шықтым. Менің бұл жобам инновациялық деп танылып, 2,5 млн теңге көлеміндегі грантты жеңіп алдым.

– Одан кейін ісіңіз қалай өрбіді?

– Бұған дейін бұл саланы егжей-тегжейлі зерттедім. Шетелдерде қалай жүзеге асып жатқандығын да назарға алдым. Сөйтіп алдын ала түзілген жоспар бойынша, істі ең бірінші шағын жылыжай салудан бастадым. Одан кейін гидропоникалық қондырғы, жабдықтар, дәндер сатып алдым. Қазір жылыжайда арпа, бидай және жүгерінің бірнеше түрі өсіріледі.

– Осы тұста гидропоника тәсілімен егілген өсімдіктердің ерекшеліктеріне толығырақ тоқтала кетсеңіз...

– Гидропоника бағыты бойынша, өсімдіктер дәстүрлі әдіс секілді топырақта емес, суда өседі. Мәселен, бидайды алсақ, бидайды орған кезде оның бойындағы миниралдың барлығы ұйықтап жатады екен. Мұны суға салып, оттегі беріп, дезинфекциялаған кезде бүкіл минирал бойына шығады екен. Дән егілгеннен кейін жеті күннің ішінде 10-15 см-ге дейін өседі. Бидайдың өзін сол қалпында малға  берсек, онда бізге бидайдың көп мөлшері қажет болады. Ал бір апта уақыт жұмсап, гидропоника әдісімен өсірсек онда, малға сіңімді де құнарлы тағам болып табылады. Мәселен 1 кг бидайды егетін болсақ, онда біз одан 5-6 есе көп өнім аламыз. Бұл тұрғыда біз өнімнің көлемі жағынан да құнарлылығы жағынан да ұтамыз. Ең негізгісі – құрама жемге балама ретінде қолданылатын экологиялық таза өнім.

– Одан басқа пайдасы бар ма? Малды бұл шөппен тамақтандырудың қандай да бір тәртібі бар ма?

– Гидропоника тәсілімен егілген шөпті малдар тамырымен жейді. Ал оның тамыры протеинге бай. Жалпы айтқанда, гидропоникада өсірілген жасыл жемде малға қажетті барлық қоректік заттар бар. Сондықтан да ол малға пайдалы, әрі сіңімді ас болып табылады.

Әуелгіде малға бұл шөпті көп беруге болмайды. Оны жеген малдарда іш өту байқалуы мүмкін. Сондықтан бастапқыда аз-аздан береміз де, біртіндеп қоса береміз. Сауынды сиырлар 15-кг-ға дейін жейді. Гидропоникада өскен шөпті жеген малдар тез семіреді, яғни, етті келеді. Әрі сауылатын төрт түліктің сүтін арттырады. Осы тұста бұл өсімдікпен тамақтандыру мал шаруашылығымен айналысатындарға қаржы үнемдеудің ең бір оңтайлы тәсілі.

– Гидропоникамен айналысу үшін нені білген жөн? Мұндай жылыжайларға қойылатын талаптар бар ма? 

– Қолайлы климат қалыптастыру үшін жылыжайдың температурасы – 15-18 градус болуы керек. Ал ылғалдылығы – 75. Табиғи климат қалыптастыру үшін фитожарықтар қойылады. Аталмыш жарық күннің энергиясы іспетті жарықты да жылуды да беруімен ерекшеленеді.

Дәнді-дақылдар арнайы ыдыстарға егіліп, стилаждарға қойылады. Стилаждың аралық биіктігі – 35-40 см. Жылыжайдың ылғалдылығы төмендеп кеткен жағдайда 4-5 рет суғаруға тура келеді. Суғару процесі біздің шаруашылықта автоматтандырылған. Форсункамен әрбір 3 сағат сайын өзі шашырайды. Бүркіп шашылатын су өсімдіктің тамырына жетуі тиіс. Шағын ғана осы жылыжайда айына бір тоннаға дейін жем-шөп өсіріп отырмыз.

– Кәсіптің осы бір түрімен шектелмей, өрісін одан әрі кеңейтіп жатыр екенсіз, осы туралы толығырақ біле түссек...

– Гидропоника арқылы өсіп шыққан өскінді мал азығы ретінде нарықта саудалау кәсіптің негізгі түрінен саналады. Дәл осы құнары мол бидай өскіндерінен дәруменге бай «Витграсс» атты шырын шығаруға болады. Бұл шырынның құрамында 17 түрлі дәрумен бар. 100 гр бидай суында 2-2,5 кг жеміс-жидектің дәрумені табылады.Мұны арнайы құрылғы арқылы жасап шығарып жатырмыз. Ал үшінші бір өніміміз – жем-шөптің түйіршіктелген түрі. Гидропоника әдісімен жасалған жасыл шөпті кептіріп, оны жемтартқыштан тартамыз. Дайын болған өнімге арпа бидай, жоңышқа бәрін қосып дәруменді түйіршектелген жем жасаймыз. Қазіргі таңдағы қолданыстағы түйіршектелген жемдердің басым бөлігіне түрлі химиялық қоспалар қосылады.  Ал бұл түйіршіктелген жемнің ерекшелігі – тек ғана табиғи дәнді дақылдар мен шөптерден жасалатындығында. Бүгінгі заман жан-жақтылықты талап етеді. Сондықтан да заман талабына сай жұмыс істеуге дағдылануымыз керек.

– Ал енді кәсіп бастағалы жүрген жандарға қандай кеңес айтқан болар едіңіз?

– Ең әуелі кәсіп бастамас бұрын бастағалы отырған ісіңіз туралы барлық мәліметке қанық болыңыз. Сіз қолға алғалы жатқан кәсіп бойынша жетістікке жеткен жандармен көбірек тілдесіңіз. Болашақ кәсібіңіздің тиімділігі мен кемшілігін саралап, нәтжелі жұмыс істеудің жолдарын қарастырыңыз. Өз кәсібіңіз бойынша жан-жақты талмай еңбек еткенде ғана биікті бағындыратыныңыз анық. Әрі табысыңыз да жоғары болады.

Осы тұста  «Бастау Бизнес» бағдарламасы кәсібіңізді бастауға берілген зор мүмкіндік екенін атап өткенім жөн.

– Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңыз жемісті болсын!

Бастау бизнес жайлы

"Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады. 

Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең. 

“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:

  • Жастар (29 жасқа дейін);
  • Аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • Көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
  • Қандастар, қоныс аударғандар;
  • Мүгедектігі бар адамдар;
  • Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.

Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн. 

2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek порталы арқылы бере аласыз. 

 

Дайындаған: Гүлмира САДЫҚ

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр