Алматылық архитектор ҰҚК атын жамылғандарға алданып, пәтерінен айырылды
Фото: orda.kz
Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Елена Щедрина алаяқтардың құрбаны болып, 100 миллион теңгеден астам мүлкінен айырылды. Ол прокуратура алдына пикетке шығып, тергеудің әділ жүргізілуін талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оrda.kz мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар айында Елена Щедринаға өзін ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріміз (ҰҚК) деп таныстырған адамдар хабарласады. Олар терроризмге қарсы арнайы операция жүргізіп жатқанын айтып, мемлекеттік органдардағы алаяқтардың Щедринаның мүлкіне құжаттық айла-шарғы арқылы қол жеткізгенін мәлімдейді.
Бұл қылмыскерлерді ұстау үшін "ҰҚК қызметкерлері" әйелдің көмегіне жүгінбек болады. Егер көмектесуден бас тартса, оны "Отанға опасыздық жасау" бабымен қылмыстық жауапқа тартамыз деп қорқытады.
Олар Елена Щедринаның Алматыдағы "Мечта" тұрғын үй кешенінде орналасқан Минина көшесіндегі пәтері үшінші тұлғалардың атына заңсыз рәсімделіп, сатылымға қойылғанын айтып сендіреді. Бұл "заңсыз" мәмілені жою үшін ол пәтерін өзі сатқан болып, түскен қаражатты оларға беруі тиіс болады.
Щедрина пәтерін жиһазымен, тұрмыстық техникасымен және 50 шаршы метрлік паркинг орнымен бірге сатады. Ақшаның бір бөлігін көрсетілген банк шоттарына аударады, қалғанын курьер арқылы қолма-қол береді.
Кейін алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген Елена Щедрина Бостандық аудандық полиция басқармасына арызданады. Қылмыстық іс қозғалып, бір ай ішінде оның жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынады. Алайда алаяқтар пайдаланған банк шоттарына ешқандай шектеу қойылмаған.
Осыдан кейін Щедрина полицияның қылмыскерлерді ұстауға ерекше құлық танытпағанын айтып, ренішін білдіреді. Бұған ол өзінің пәтерлерінің әлі де "Крыша" сайтында сатылымда тұрғанын көрген кезде көз жеткізгенін айтады.
Фото: “Крыша” сайтынан
Қазақстанда "сергектен келген айыппұлды өшіріп беремін" деп алдайтын алаяқтар көбейген
Еске салайық, бұған дейін Алматыда алаяқтар ардагер журналист әрі профессор Кәкен Хамзинді алдап, жалғыз баспанасынан айырған. Олар алдымен коммуналдық қызмет өкілі ретінде хабарласып, жеке мәліметтерін біліп алған, кейін өздерін ҰҚК қызметкеріміз деп таныстырып, үйін сату арқылы "арнайы операцияға көмектесуге" көндірген. Хамзин пәтерін сатқан соң, ақшаны алаяқтардың курьеріне берген. Қазір бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды, бірақ профессор көмекке зәру, үйін қайтару үшін қоғамдық қолдау мен заңгерлік көмек қажет.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
