Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыға "Қайраттың" чемпиондар лигасындағы кезекті қарсыласы "Пафос" футболшылары келді

Пафос фк

Фото:Collage Stan.kz

Алматыға Кипрдің "Пафос" футбол клубы табан тіреді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Команда 6 жарым сағаттық әуе сапарынан кейін қалаға келіп, ертең, яғни 21 қазан күні өтетін маңызды ойынға дайындықты бастап кетті. УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші турындағы бұл кездесу – Алматының "Қайрат" командасы үшін де, қонақтар үшін де шешуші матчтардың бірі болмақ.

Екі команда да келесі кезеңге өту мүмкіндігін жоғалтпау үшін бар күшін салатыны анық. Кипрлік ақпарат құралдарының мәліметінше, "Пафос" клубын қолдау үшін жанкүйерлер де Алматыға арнайы ұшып келген. Олар өз командасына қолдау білдіріп, стадионда ерекше атмосфера қалыптастыруды көздеп отыр. 

Айта кетейік, қос командада алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнап жатыр.

Кипрлік "Пафос" клубының қазіргі құрамында португалиялық және бразилиялық футболшылар айқын басымдыққа ие. Команда трансферлік саясатта осы елдердің ойыншыларына сенім артып келеді. Тіпті, кейбір бразилиялықтар алаңда жергілікті футболшылардан да белсенді ойнап жүр. Биылғы маусымда команда сапында көзге түсіп жүрген ойыншылардың бірі — жартылай қорғаушы Домингос Кина. Ол Кипр чемпионатының алғашқы жеті турында 4 гол соғып, нәтижелі ойын өрнегімен көзге түсті. Қазіргі таңда ол ішкі біріншіліктегі үздік сұрмергендер қатарында.
Домингостан бөлек, шабуыл шебінде де қауіпті футболшылар бар. Мысалы, осы маусымда үш гол соққан Андресон мен кезінде "Бавария" қақпасына гол соққан хорватиялық Мислав Оршич те кез келген сәтте нәтижелі әрекет жасап кетуі мүмкін. "Қайрат" үшін бұл футболшыларға ерекше назар аудару қажет болмақ.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 20 Қазан, 2025 23:48
Талқылау