Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы жантүршігерлік автобус апаты: Қаза тапқан адамның жақындары жүргізушіге кешірім берді

Алматының Алмалы аудандық сотында маусым айында адам өліміне әкеп соққан автобус апатына қатысты ашық сот отырысы өтті. Жол апатының салдарынан 25 жолаушы зардап шегіп, бір адам қаза тапты. Бүгін сот отырысы кезінде прокурор айыптау актісін оқыды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz/Алматы полиция департаменті

Сотталушы Анель Сартаеваға Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігіне (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) сәйкес, айып тағылды. Айыпталушы бес жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан және бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мемлекеттік айыптауға сәйкес, 2024 жылғы 26 маусымда "Kia Sportage" көлігінің жүргізушісі Масанчи көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, сағат 13:55-те Мақатаев көшесінің қиылысына келіп тоқтаған. Жол қозғалысы ережелерінің 13.101 тармағына сәйкес, бірдей емес жолдардың қиылысында қосалқы жолмен келе жатқан жүргізуші негізгі жолмен келе жатқан көлік құралдарына жол беруге міндетті. Ал "Kia Sportage" көлігінің жүргізушісі 2.4 "Жол бер" жол белгісін елемей, Мақатаев көшесіне шығып кетіп, автобуспен соқтығысқан.

“Соқтығыс салдарынан автобус бағдаршамға соғылып, тротуарға шығып кеткен. Сөйтіп дүкенге соғылған. Апат салдарынан автобустағы жолаушылардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Жарақат алған жолаушылар медициналық мекемеге жеткізілді”, – деді мемлекеттік айыптаушы.

Сондай-ақ прокурор сотталушының жол ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне себеп болғанын атап өтті. Осылайша, айыпталушының әрекеті Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен қылмыстық құқық бұзушылық ретінде сараланды.

Бұл ретте сотталушы сол күні үйіне қарай бағыт алғанын айтады. Ол төрт айлық қызын тамақтандыру үшін жұмыстан үйіне қара бара жатқан. 

“Сол жаққа қарап, барлық көліктің өтіп кеткенін күттім. Масанчи көшесінде бағдаршам болмағандықтан, орнымнан қозғала бастадым. Соқтығысқанымды сездім. Қауіпсіздік жастығы іске қосылып, бір сәтке есімнен танып қалдым. Оянған сәтте автобусты көрдім. Бірден автобусқа бару үшін көліктен түспек болдым, сөйтсем есік кілттеніп, шыға алмай қалдым. Кейін есікті итеріп шыққанда адамдар бірден маған қарай жүгірді. Шок күйде болдым, бірақ бірден автобусқа беттедім. Жедел жәрдем шақырып, соңына дейін сонда болдым”, – дейді айыпталушы. 

Сараптама нәтижесі көрсеткендей, жеңіл көлік жүргізушісі сағатына 20 шақырым жылдамдықпен келе жатқан. Сондай-ақ сотталушының 9 жыл көлік жүргізу тәжірибесі бары және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны ескерілді.

Анель Сартаева сотта өз кәнісін толық мойындап, істеген әрекетіне өкінетінін айтты. Ол жол апатынан зардап шеккендерден көпшілік алдында кешірім сұрады.

“Жәбірленушілерден кешірім сұрағым келді, бірақ ондай мүмкіндігім болмады. Бұлай болғанына қатты өкінемін. Өкінішімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы жағдай үшін және сіздердің отбасыларыңыз үшін қатты алаңдадым. Орны толмас аза екенін түсінемін. Сіздерге қайғырып көңіл айтамын. Болған жағдай маған қатты ауыр тиді. Мені кешіріңіздерші. Мұндай қасіретті бастан өткермейсіздер деп үміттенемін. Күн сайын марқұм үшін дұға етемін. Сондай-ақ барлық зардап шеккен жолаушылардан кешірім сұраймын. Сіздерде барлығы жақсы болсын”, – деп айыпталушы көз жасына ерік бермеуге тырысты.

Марқұмның ағасының айтуынша, ол сауда орталығындағы аяқ киім дүкенінде жұмыс істеген және сол күні автобуспен барған. Кешке қарай ол бауырының жол апатына ұшырап, денесінің мәйітханаға апара жатқанын білген. Марқұмның денесі мәйітханада жатқанда ағасына сотталушының әкесі келіп, моральдық шығынды өтеуді ұсынған. Алайда марқұмның отбасында қаржылық қиындықтардың болмауына байланысты ол ақшадан бас тартқан. Сондай-ақ ол айыпталушының кешірімін қабылдайтынын жеткізді. 

“Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сотталушының туыстары барлық жәбірленушімен кездесіп, келтірілген шығынды толығымен өтеді. Жол апатынан қаза тапқан жолаушының жақындары кешірімді қабылдап, материалдық шығынды алудан бас тартты”, – деді сотталушының адвокаты.

Еске салайық, апатқа ұшыраған автобустың жүргізушісі Kia кроссоверінің келіп соқтығысқанын жеткізді. Оқиға кезінде жүргізуші баяулауға тырысқанымен, рөлді басқара алмай тротуардағы стендке соқтығысқан. Көлік оқиға орнынан эвакуацияланды. Автобус апатына қатысы бар күдікті продюсер Анель Сартаева екі айға қамауға алынып, 2 шілде күні сот үкімінің күші жойылып, үйқамаққа жіберілді.

Талқылау