Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрлық жасаған жігіт сот залында босатылды

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрлық жасағаны үшін сотталған 23 жастағы қарағандылық азаматқа қатысты №2 Жетісу аудандық соты үкім шығарды. Екі жылға бас бостандығынан айырылған сотталушы сот залында босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қаңтар айының 6-нан 7-не қараған түні Қарағанды қаласының 23 жасар тұрғыны Райымбек даңғылы, №239Г мекен-жайы бойынша орналасқан "Maxima" ойын-сауық кешенінің жанынан кетіп бара жатқанда сынған терезелерді көрген.

Сотталушы кешеннің ішіне кіріп, 2-қабатта орналасқан дүкеннен құны 33 333 теңге болатын "IPhone 6" маркалы ұялы телефонын жымқырып кеткен.

Мұнымен тоқтамай, бірнеше минуттан соң ол косметика дүкенінен құны 30 351 теңге тұратын 2 құты иіссуды ұрлап кеткен.

Бұл әрекеттер сотпен ұрлық, яғни қоймаға заңсыз кіру арқылы бірнеше рет жасалған бөтеннің мүлкін жымқыру деп танылды (ҚР ҚК-нің 188 б. 3 б. 2,3 т.)

Сотталушы өз кінәсін мойындап, басқа адамдардың дүкендерден зат алып жатқанын көрген соң өзі де кіріп, тауарды ұрлағанын алға тартты.

ҚР ҚК-нің 188 б. 3 б. 2,3 т. бойынша екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот оның жастығын, кінәсін мойындағанын, шын ниетпен өкінгенін және бірінші соттылығын ескере отырып, минималды 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Ол сот залында қамаудан босатылды. Сотталғанның күзетпен ұсталған уақытының бір күні бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеудің екі күні есебімен есепке жатқызылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау