Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы Sulpak дүкені алдындағы ағаштарды кесу фактісі: Сот үкімі шықты

Sulpak дүкенінің маңында оталған ағаштарға қатысты іске сот үкімі шықты. Қылмыстық істі Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Алмалы аудандық соты ЖК өкілі Жанна Нұртаеваға қатысты істі ҚР ҚК 339-бабы 1-бөлігі "Өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi бар түрлерін жою" бойынша қарады.

"Сот Жанна Нұртаеваны Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 55-бабының 4-бөлігін қолдана отырып, 1500 АЕК мөлшерінде, яғни 4 миллион 167 мың теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындады. Айыппұлды төлеу мерзімі заңды күшіне енгеннен кейін екі ай деп белгіленсін", - деді судья. 

Еске салайық, былтыр желі қолданушылары Sulpak компаниясы көпжылдық 11 ағашты түбімен кесіп тастағанын айтып, наразылық білдірген. Алматылықтар ағаштарды кесіп тастағаны үшін Sulpak-қа байкот жариялауға шақырған еді. 

Кейін дүкен жанындағы ағаштарды кесіп тастағандардың кім екені белгілі болды.

Барлығы 11 ағаш кесілген, оның тоғызы Қызыл кітапқа енген ағаштар.

Талқылау