Алматыдағы сейсмология институты қызметкерлеріне жалақы төлей алмай, оларды ақысыз демалысқа жіберген
Алматыдағы сейсмология институтының қызметкерлері еңбекақыларын ала алмай жүр. Қаржы тапшылығынан мұнда 30 қызметкер ақысыз демалысқа жіберілген. Әзірге сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан қала үшін маңызы зор институтта жұмыстың қашан жанданатыны белгісіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: видеодан скриншот
Сейсмология институтында 92 ғылыми қызметкер бар. Соңғы рет ол мамырда жалақы алған. Енді бір бөлігі ақысы төленбейтін демалысқа шығуға мәжбүр. Мекеме жұмысшыларына 25 миллион теңге қарыз екен. Ақша жоқ, ал қордағы соңғы қаржы сәуірдегі жалақыға бөлінген.
"20 маусымда ғылыми қызметкерлер ақысы сақталмайтын демалысқа шықты. Әзірге қызметкерлер санын қысқарту туралы мүлде айтылған", – деді сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының кадр бөлімінің маманы Айжан Төреханова.
Мамыр мен маусымның 20 күнінің ақысы қашан түсетіні белгісіз. Ал 2021 және 2023 жылдарға бөлінген бюджет қаржысы бітіп қалған екен.
"2024 және 2026 жылдарға қаржыландыру бөлу үшін өтініш жолдадық. Енді ғылым және жоғарғы білім министрлігінен жауап күтіп отырмыз. Сондықтан осылай істеуге мәжбүрміз", – деді сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары Марат Жандосов.
Орталықта техникалар да ескірген, ал қабырғалары жер сілкінбей-ақ опырылып жатыр. Институттың ғимараты 1989 жылы салынып, содан бері жөндеу жүргізілмеген.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі сейсмология орталығын дамытуға 2 миллиард теңге бөлінгенін хабарлаған еді. Сол кезде әкім Ерболат Досаев қаржы еңбекақы қорын ұлғайтуға, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға, жаңа кадрлар тартуға мүмкіндік беретінін айтқан. Сондай-ақ орталық қала үшін ғана емес, бүкіл ел үшін өте маңызды деген еді.