Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы мектептердің бірінде оқушыны соққыға жығып, мұрнын сындырған

25 мектеп гимназияФото: Оқушының әпкесі Гүлнараның парақшасынан

Алматыдағы ең танымал мектептердің бірі №25 гимназиясында оқушыны ұру оқиғасы тергеліп жатыр. Мәселе туралы желіде журналист Сырым Итқұлов жеткізді. Ол алты жасөспірім сабақ кезінде, мектептің дәретханасында сыныптастарын соққыға жыққанын жазды. Бұл туралы Stan.kz білім басқармасына сауал жолдады.

Мәліметтерге сенсек, жәбірленушіге түрлі жарақаттар, соның ішінде мұрын сынуы диагнозы қойылған.

Оқушының әпкесі Гүлнара желідегі парақшасында гимназия әкімшілігі тиісті шара қолданбай, керісінше болған оқиғаны жасыруға тырысып жатыр дейді.

"Ешқашан осындай сөздерді жазуға мәжбүр боламын деп ойламаппын. №25 мектепте, өзім бұрын оқыған мектепте, менің бауырымның мұрнын сындырған. Бұл медициналық құжаттармен расталған, қазір оның ауруханаға жатқызу мәселесі шешіліп жатыр. Бірақ ең қорқыныштысы, тек мұрнының сынғаны емес. Дәретханаға оның артынан бес ұл кірген, ал шыққан кезде ол бір өзі бетіне қолын қойып, мұрнын жасырып шыққан. Ішінде нақты не болғанын елестету қорқынышты. Бұл бір реттік төбелес емес. Бұл мектепте жүйелі түрде болатын буллинг", – деп жазды оқушының әпкесі.

Сондай-ақ оқушының әпкесі баланың "өзін кінәлі" деп жазылған пікірлерді оқу өте қорқынышты екенін айтты. Ол мектеп басшылығы зорлықты жасырып, жауапқа тартылмай отырғанын атап өтті. 

"Каратэші баланың әкесі 7 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) – 27 524 теңге төлепті, ал мен үшін бұл 7 АЕК не береді? Бала кешірім сұрамады, әкесі дөрекі мінез танытты, ал директорлар риза болып кетті. Бұл шара жеткіліксіз. Маған каратэшілер қауымдастығы бар екені айтылды, оларға мектепте төбелесуге тыйым салынған, себебі бұл арнайы әдістерді қолдану деп есептеледі", – деді әпкесі.

Әлеуметтік желіде түлектер мен ата-аналар болған жағдайға наразылық білдіріп жатыр. Оқырмандар мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің бақылаудың жоқтығы мен буллинг жағдайында әрекетсіздігі үшін жауапқа тартауды талап етті.

Осы мәселеге қатысты Алматы білім басқармасының ресми өкілі Асан Қуанов жауап берді.

"Алмалы ауданының Ілияс Есенберлин атындағы №25 гимназиясында екі оқушы арасында жанжал шығып, бір оқушы екіншісіне соққы жасаған. Бұл жағдай Алмалы ауданының ішкі істер басқармасының бақылауында. Балалар мен олардың ата-аналарымен алдын алу әңгімелері жүргізілді. Қазір инцидентке қатысы бар оқушының ата-анасы әкімшілік айыппұл төлеген. Сонымен қатар олар зардап шеккен баланың емделуіне байланысты барлық шығынды өз мойнына алуға дайын екенін білдірді", – деп жауап берді білім басқармасының өкілі.

Айта кетейік, №25 гимназиясы Алматыдағы беделді оқу орындарының бірі саналады. Әртүрлі жылдары мұнда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ресейлік саясаткер Владимир Жириновский оқыған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 04 Қазан, 2025 15:38
Талқылау