Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы лай көшкінінен көз жұмғандардың өліміне Байбек кінәлі – Храпунов

Виктор Храпунов лай көшкінінен көз жұмған төрт адамның өліміне бұрын Алматы әкімі болған Бауыржан Байбектің шешімі себеп болған деп санайды. Храпунов ҮouTube арнасында экс-әкімнің сейсмикалық қызыл аймаққа жататын жерде тұрғын үй салуға рұқсат беру туралы құжатқа қол қойып, заңсыз қадамға барғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: видеодан кадр

1995 жылдың 6 шілдесінде қала әкімдігі жер учаскесін гараж ретінде қызмет көрсетуге пайдалануға беру туралы шешім шығарады. Алматының экс-әкімі Храпунов бұл шешімнің талапқа сәйкес болғанын айтады. 2006 жылы Иманғали Тасмағамбетов жерді пайдалану мақсатын бау-бақшаға деп өзгертті. Сарапшының пікірінше, бұл да заңға қайшы емес. 2014 жылы учаскені сол кездегі жердің иесі сатады. Жаңа иесі қала әкімдігінен жерді пайдалану мақсатын тұрғын үй салуға өзгертуге рұқсат сұрайды.

"Жер комиссиясы құрылып, олар тұрғын үй салуға болмайтыны туралы қалалық жобалаушылардың қорытындысы болғанына қарамастан, рұқсат береді. Комиссияның төрағасы, сол кездегі қала әкімінің орынбасары Болат Сауранбаев шешім қабылдап, хаттама толтырады. Осы шешімге сәйкес, қала әкімі Бауыржан Байбек жердің пайдалану мақсатын өзгерту туралы келісімге қол қояды", – деді ол. 

Храпуновтың сөзінше, бұл жерді тұрғын үй мақсатында пайдалануға болмайды. Оның үш себебі бар. Біріншіден, бұл жер тиктоникалық жарықта тұр. Бұл қауіпті аймақ саналады. Екіншіден, қаланың инженерлік желілері: су құбырлары мен жылу құбырлары, газ құбырлары осы жерден өтеді. Үшіншіден, қызыл аймақ етіп белгіленген.

Виктор Храпунов 1997 және 2004 жылдары аралығында Алматы әкімі болған. Ал 2007 жылдың 11 қаңтарында Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды. Дегенмен әкім болған тұста Алматының су қорғау аймағындағы жерлерді заңсыз бергені үшін және тау бөктеріндегі заңсыз құрылыс жұмыстары үшін басы дауға қалды. Бұл жағдайдан кейін 2007 жылдың 1 қарашасында премьер-министр Кәрім Мәсімовтің бастамасымен оставкаға жіберілді. 

Айта кетейік, 8 ақпан түнгі сағат 02:20-да Алматы қаласыныың Медеу ауданының "Тау Самалы" шағын ауданындағы Олимпиский көшесі бойында лай көшкіні жүріп, салдарынан төрт адам үйінді астында қалып, қаза тапты. Апаттан  екі жеке тұрғын үй бүлінді, олардың бірі жартылай зақымданды. Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин лай басып қалған үйде ерлі-зайыпты мен 2007 жылы туған егіз ұлдары тұрғанын айтты. Құтқарушылар оқиға орнынан 1984 жылы туған ер адам мен 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылғы екі жас жігіттің денесін шығарды.

Бұған дейін Алматыдағы лай көшкініне қатысты қандай бап бойынша қылмыстық іс қозғалып жатқанын жазған едік.

Талқылау