Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы көшеге Денис Теннің аты беріледі

Алматыдағы көшеге Денис Теннің аты беріледі

Коллаж: Stan.kz

Алматыда Үлкен Алматы өзенінің маңындағы көшеге Денис Теннің аты беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Денис Теннің есімі берілетін көше Алматының Бостандық ауданында орналасқан. Бұл туралы қалалық мәслихат сессиясында қалалық әкімдік жанындағы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет хабарлады.

Денис Теннің есімі 7-ші көшеге беріледі. Ол – президент саябағының жоғарғы жағында, Үлкен Алматы өзенінің жанында орналасқан, ұзындығы 800 метр болатын көше. Қайта атау 2025 жылға арналған жол картасы аясында жүргізілуде. Бұл құжат Алматыдағы атаусыз 156 көшеге атау беруді қарастырады.

Олардың ішінде 22 көше Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің атымен, тағы 15 көше белгілі тарихи тұлғалардың есімімен аталады. Денис Теннен бөлек, бұл тізімге академиктер Абдуали Қайдар, Карл Байпақов, Саим Балмұханов, әлем чемпионы Анатолий Храпатый, КСРО халық әртісі Наталья Сац және басқа да есімдер кірген.

Бақыт Қалымбеттің айтуынша, Алматы қаласының ономастикалық комиссиясы мен Республикалық ономастикалық комиссия көшелерге жаңа атау беру туралы ұсынысқа оң қорытынды берген.

Айта кетейік, Денис Тен 1993 жылы Алматыда дүниеге келген. Ол – 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері, Азия чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, елдің бес дүркін чемпионы.

Дана Русланқызы
Жұма, 19 Қыркүйек, 2025 18:36
Талқылау