Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы колледжде жасөспірім қызды қатарластары соққыға жыққан

Видеодан скрин

Алматыдағы колледждердің бірінде жасөспірім қызды қатарластары соққыға жыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желі қолданушысы өзінің кәмелетке толмаған сіңлісіне жасалған шабуыл туралы мәлімдеді. Жазба авторының сөзінше, үш студент қыз оқу орнының дәретханасында сіңлісіне шабуыл жасаған. Қыздардың бірі ешкім кірмеуі үшін есікті ұстап тұрған.

“Баланы ұрған, тепкен, бетін тырнаған. Қазір ол №1 балалар ауруханасында ми шайқалу диагнозымен жатыр, оң көзіне көруі нашарлаған. Ауруханада бірнеше рет есінен танып қалды”, – делінген жазбада.

Жазба авторының айтуынша, колледж басшылығы оқиғаны жасырып қалмақ болған. Оның сөзінше, ата-анасына тек бір жарым сағаттан кейін хабар берілген, ал бөлім меңгерушісі ақпарат тарап кетсе, оқудан шығарамыз деп қорқытқан.

Автордың айтуынша, жәбірленуші қыздың өзі шабуылдың себебін түсінбеген.

“Қыздардың бірі сіңліме ғашық болған жігітті ұнатып жүрген. Ал сіңілім ол қыздарды мүлде танымайды. Оған “бетіңді бұзып тастаймын” деп тап берген”, – делінген жазбада.

Жазба желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. 


Маңғыстау облысында жасөспірім қыздар арасындағы төбелес жұрттың жағасын ұстатты (видео)


Жағдайға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті мәлімдеме жасады. 

“Алмалы аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын колледжде оқитын қызының дене жарақаттары бойынша арызданды. Арыз бойынша жедел шаралар қабылданды. Төбелеске қатысқан барлық қыздар анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді”, – делінген полиция хабарламасында. 

Полиция қазір тергеу жүріп жатқанын, тергеу аяқталғаннан кейін кәмелетке толмағандардың әрекеттеріне ресми құқықтық баға берілетінін атап өтті.

“Материалдар кәмелетке толмағандардың істері және құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі. Ювеналдық полиция қызметкерлері ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Кінәлі кәмелетке толмаған қыздар профилактикалық есепке қойылады”, – делінген полиция жауабында. 

Ал оқиға болған колледж басшылығы төбелеске қатысқандар арасында қатарласын соққыға жыққан қыздың анасы да болғанын мәлімдеді.

“1 желтоқсан күні екі 1-курс студентінің арасында жанжал болып, кейін оған қыздардың бірінің анасы араласқан. Жанжалдың соңы ананың күш қолдануына дейін барған. Қыздың анасы өте агрессивті түрде әрекет етіп, балағат сөздер айтып, басқа студент қызды соққыға жыққан. Дене жарақаттары анықталғаннан кейін жедел жәрдем шақырылды”, – делінген Рузуддинов атындағы жоғары медицина-стоматология колледжінің жауабында. 

Оқу орнының мәліметінше, жанжалға қатысқан екі студент қыз да ауруханада жатқан көрінеді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 04 Желтоқсан, 2025 22:41