Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы көк базарда бір нанды 1000 теңгеге сатқан саудагер жұрттың ашуына тиді

Алматыдағы көк базарда бір нанның құны 1000 теңге. Қазнетте тараған даулы бейнежазба қоғамды дүрліктіріп, қызу талқылануда деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.     

Әлеуметтік желіде тараған видеоның авторы – танымал тележүргізуші әрі журналист Ерланби Дәулетияр екен. Ол бірден өзінің инстаграмдағы жеке парақшасына жүктеген. 

"Таңғалып, бірден әлеуметтік желіге жүктеуіме әлгі дүңгіршектің базардың ішінде орналасқаны себеп болды. Әуежай болса бір жөн. Ал базарда нанға қажетті ингредиенттердің бәрі бар ғой, аласың да өз қолыңмен дайындай бересің. Видеодан көрдіңіздер, нанның көлемі орташа бір пиццаның көлеміндей-ақ. Соған сары май қосқаннан кейін осылай қымбатқа шығады екен. Мысалы, сары май қосылған нанның қандай ерекшелігі бар? Өзіміз де бала кезден сары май қосылған нанды жеп өстік қой. Ол жерде қымбатқа түсетіндей алып бара жатқан бір технология жоқ. Сол үшін бір нанның бағасы 1000 теңге дегенде таңғалдым, әрине. Қарапайым халық арзан азық-түлік іздеп қай жаққа барады? Әрине, базарға барады. Ал базардағы бағаның қандай екенін өздеріңіз көріп отырсыздар", – деп ашуланды тележүргізуші.   


Әлеуметтік желідегі жұрттың наразылығын тудырған көк базардағы нан сататын дүңгіршекті Stan.kz тілшісі тапты, бір нанды 1000 теңгеге бағалайтын әлгі саудагер әйелді де сөзге тартты. Руфила Сафарова есімді тәжік ұлтының өкілі еш қымсынбастан ашық сұхбат берді. 

"Жоқ, бір нанға 1000 теңге қымбат емес. Себебі құрамында сары май бар. Бұл – біздің ұлттық тағам. Бұл нан бір күнде дайын болмайды. Мәселен, бүгін қамырын дайындап қоямыз, ертең жаңғақ қосып, дайындап қоямыз. Жұмысы қиын. 1000-2000 теңгелік нандар арзандамайды, себебі май қымбат. Базар басшылығы біледі", – деді сатушы әйел.


Бұл жағдайдан Алматыдағы көк базардың бас директоры Ардақ Айтбаев та хабардар екен. 

 "Ол видеоны көрдім. Жалға алушымен де сөйлестік. Видеода нанның бағасы неліктен қымбат екенін қысқаша түсіндіріп береді. Жалға алушының айтуынша, тек қана нанға май қосады екен. Оның түсіндіргені бойынша, олардың ұлттық тағамы екен. Мысалы, көк базардың әкімшілігі жалға алушыларға осындай бағамен сатасыздар деген талап қоя алмайды. Құқымыз жоқ. Сондықтан әр жалға алушы өз еркімен бағаларды қояды. Бізде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің 19 түрі бар. Біз тек солардың бағасын ғана қадағалап жүре аламыз", – деді базар басшысы. 


Базар бастығының берген жауабы осы, ал саудагер айтқанынан қайтпайды. Бірақ мұндай қымбат бағаға нан алуға халықтың құлқы жоқ. Оны арнайы жүргізген сауалнамада анық аңғардық.
Бейнематериалдың толық нұсқасын Stan.kz YouTube арнасынан көріңіз!

 

Талқылау