Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы Дүнген қоғамдық бірлестігі төрағасы дәстүрлері мен мерекелері туралы айтып берді

Дүнгендер бірлестігі мен осы халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен толығырақ танысу мақсатында Алматыдағы Дүнген қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ромазан Аяюбовты Stan.kz ақпарат агенттігі әңгімеге тартқан еді.

2012 жылдың 27 сәуірінде өз жұмысын бастаған Алматыдағы Дүнген қоғамдық бірлестігі еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға септігін тигізіп келе жатқан бірден бір ұйым. Кейіпкеріміз Ромазан Кериұлынан өзі басқаратын бірлестік жұмысымен таныстыруды сұрадық:

"Өзге этномәдени  бірлестіктер іспетті қазақстандық қоғамды одан әрі жаңғыртуға бағытталған Алматы қаласындағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының әлеуметтік маңызы бар жобалары мен іс-шараларын жүзеге асыруға  белсене араласамыз. Сондай-ақ, Қоғамдық келісім мекемесінің ұйымдастыруымен өткізілетін қайырымдылық, медиация және қоғамдық бақылау жүйесін дамытуға бағытталған жобалар мен іс-шаралардың басы-қасынан табыламыз", – дейді бірлестік басшысы. 

Қай істе болса да өзінің еңбекқорлығы арқылы алдыңғы шептен көрінетін дүнген халқы өз бірлестіктерінің жұмысын белсенді түрде жүргізеді. Бұл туралы Ромазан Аяюбов :

"Дүнген қоғамдық бірлестігі барлық бағытта қарқынды жұмыс істеп келеді. Олардың барлығын тарқатып айтсақ, ұзын-сонар әңгімеге айналары анық. Әйтсе де басты-бастысын атап көрсетейін. Римма Рамазанқызы басқаратын орталығымыздың Аналар кеңесі Алматы қаласы ҚХА өткізетін әрбір іс-шараның жоғары деңгейде өткізілуіне атсалысады. Фатма Мәлікқызы сынды аяулы аналарымыз да игілікті істердің ұйтқысы болып жүреді.

Сонымен қатар, Дүнген қоғамдық бірлестігінің Жастар қанатының жетекшісі Калима Халимова "Ассамблея жастары" қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі ретінде түрлі іс-шаралардың бел ортасынан табылады. Бірлестігіміздің осындай және т.б белсенді мүшелері қазақстандық дүнген халқының мәдениетін сақтау, насихаттау жолында табанды еңбек етіп келе жатқанын атап өту ләзім" дейді.

Кейіпкеріміздің айтуынша, көп ұлтты мемлекетімізде бірлікті сақтау жолында өскелең ұрпақ өкілдерімен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу талап етіледі. Осынау жауапты істі атқаруда Дүнген қоғамдық бірлестігінің Аналар кеңесі тиісті мекемелермен бірге тынымсыз тірлік етіп келе жатыр екен. Сонымен қатар сауабы мол қайырымды істердің де жанынан ең бірінші кезекте аналарымыздың табылатыны көпшілікке үлгі боларлық іс дейді ол.
"Алматы ҚХА Аналар кеңесі жыл сайын дәстүрлі түрде "Мектепке жол" қайырымдылық акциясын өткізіп келеді. Осынау акция аясында біздің Дүнген қоғамдық бірлестігінің Аналар кеңесі қаламыздағы әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан жиырма екі балаға мектепке қажетті тиісті құрал-жабдықтар және арнайы сөмкелер табыстап, қуантқан еді" деп сөзін сабақтады әңгімелесушіміз.

Сұхбат барысында біз бірлестік жетекшісінен елімізде аталып өтілетін мерекелердің қайсысы дүнген халқына ерекше ұнайтынын да сұрадық: 

"Қазақстан біздің – сүйікті Отанымыз. Татулықтың ұйытқысы болған еліміздегі аталып өтілетін әрбір мерекенің мән-маңызы жоғары. Дегенмен 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесінің әрбіріміз үшін бағасы биік деп білемін. Осынау айтулы күні алып шаhар Алматының төрінде қаншама ұлт пен ұлыстың өкілі бас қосып, өзінің мәдениеті мен салт-дәстүрін паш етеді. Әрбір ұлт өздерінің ұлттық киімдерін киіп, өнерлерін ортаға салады. Сонымен қатар осы күні ұлттық тағамдарын ұсынып, бір-біріне дәм татқызып мәре-сәре күйге енеді. Бұл мереке ұлттар арасындағы бірлікті одан әрі арттыра түсуімен құнды" дейді Дүнген қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.

Кейіпкеріміздің сөзінше, дүнгендер мен қазақтар арасында көптеген ұқсастықтар бар. Атап айтқанда екі ұлттың өкілдері де баптап шай ішу жағынан алдына қара салдырмайды.

Ал дүнгендердің тағамдары төрт топқа бөлінеді екен. Мәселен, тәтті тағамдары дя щин деп аталса, жеңіл тағамдары цэ деп аталады екен. Сорпаларын тон десе, мерекелік тағамдарды сыпан, щи, зунзы дейтінін алға тартады сұхбаттасушымыз. 

Күні бүгінге дейін көздің қарашығындай сақтап, әрі күнделікті өмірде қолданып келе жатқан салт-дәстүрлерін тілге тиек етуін өтінгенімізде: – Дүнген халқы ата-бабадан қалған салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты күні бүгінге дейін сақтауымен өзгелерден ерекшеленеді. Бұл тұрғыда екі жастың үйлену тойы ежелгі әдет-ғұрып бойынша өткізілетін атап өткен жөн. Үйлену тойын өткізбес бұрын екі тарап құда болып, бір-біріне кәде сыйларын ұсынады. Таңғы сағат сегізден басталатын үйлену тойы түс ауғанға дейін ұласады.Тойға келген қонақтарға дүнген халқының ұлттық тағамы құрметпен ұсынылады.  Ет, сәбіз, шалғам және қарын қосып әзірленетін бұл тағам тойдың басты тағамы ретінде тартылады. Осынау дәстүрлі мереке көп жағдайда үйде өткізіледі.  Сондай-ақ тойда қонақтарға щи тағамы да беріледі. Жалпы айтқанда, той үстінде қонақтарға он үшке тарта тағам түрі қойылады. Бұл өз кезегінде дүнген халқының асқан қонақжай екендігін көрсетеді. Қазақ халқы секілді той кезінде шашу ретінде ақша және дәмді тәттілер шашылады. Тағы бір айтуға тиіс дүние – тойларда ер кісілер мен әйел кісілер екі бөлек отырғызылады, – дейді ол. 

130-ға жуық ұлт пен ұлыстың алтын бесігіне айналған Қазақстандай ғажап елде өмір сүріп жатқан әрбір жан бақытты дейді кейіпкеріміз. Оның айтуынша, "Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын" демекші бақ та бақыт та ынтымақ пен бірлікті ту еткен елге қонады. Сондықтан да, Тәуелсіз Қазақстанымыздың басындағы бағы баянды болуын тілейміз, – дейді бірлестік басшысы.

Гүлмира САДЫҚ


 

Талқылау