Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы атыс: Тоқаев қаза тапқан екі полицей мен сот орындаушысын марапаттады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы атыс кезінде қаза тапқан полицейлер мен сот орындаушыны мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

ІІ дәрежелі Айбын орденімен:

Алматы қаласы полиция департаментінің Алатау ауданы полиция басқармасының жанындағы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы (марқұм); 

Алматы қаласы полиция департаментінің Алатау ауданы полиция басқармасының жанындағы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Сүлеев Дархан Дауылбайұлы (марқұм) марапатталды.

Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының мүшесі Әбенов Мұрат Бақбергенұлы "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.



Айта кетсек, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен  қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.

Үйде әйелдер мен балалар болғандықтан күдіктіні арнайы жасақ қару қолданбай қолға түсірді

"Кісі өлтіру" және "Билік өкіліне шабуыл жасау" баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. 1967 жылы туған ер азамат 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сонымен қатар бұған дейін Алматы қалалық соты Игорь Дужнов пен Анаида Демирчян өз құқықтарын қорғауда қателіктер жібергенін айтқан болатын.

Талқылау