Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы Әл-Фараби мен Абай даңғылдарында жылдамдықты сағатына 50 км дейін шектеу ұсынылды

Жылдамдық артқан сайын апат та көбейеді. Алматыда Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының мамандары мегаполистегі қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында жылдамдықты төмендетуді ұсынды. Олар әртүрлі талдаудан кейін Әл-Фараби мен Абай даңғылдарында көлік қозғалысын сағатына 50 шақырымға дейін азайту қажет деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюроға сілтеме жасап хабарлайды. 

Көлік нөпірі күн өткен сайын көбейіп жатқан Алматыда жылдамдықты төмендету қажет дейді мамандар.

Себебі, темір тұлпарлардың жүрісі қатты болса, апаттың да зардабы ұлғая түсетінін айтады. Осылайша, қаладағы маңызды деген Әл-Фараби мен Абай даңғылдарында көліктер сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүруі қажет екенін алға тартады. Біркелкі жүрістен кептеліс те бірте-бірте реттеледі дейді.

Сонымен бірге өзге бірнеше көшеде көлік қозғалысын 30 шақырымға дейін төмендетуді ұсынды.

“Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасы. Жолдағы адам өлімін 50 пайызға төмендету үшін қолға алған болатын. Біз де бұл ұсынысты әрі қарай Алматыда, одан кейін өзге қалаларда енгізсек дейміз. Әзірге тестілеу режиміне екі даңғылды 50-ге дейін түсіріп, 4 шағын көшедегі жылдамдықты 30-ға дейін төмендетуді ұсындық”, – дейді Urban Forum Kazakhstan қорының қызметкері Батыржан Құсайынов. 

Бұдан бөлек, аурухана, мектеп сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандардың айналасында жылдамдықты сағатына 20 шақырымға дейін төмендету қарастырылған екен. Бірақ көпшіліктің бұл бастамаға сенімі аз.

Бұл жоба әзірге ұсыныс күйінде тұр. Бірақ оған дейін бірнеше көшені тестілеуден өткізіп, тиімділігінің қалай болатынын көру қажет деп отыр бастамашыл топ.

Айта кетейік, бұған дейін қала әкімдігі жол көлік апатын азайту үшін 2025 жылға қарай Алматы көшелерінде жылдамдықты төмендету мәселесі қарастырылатынын айтқан болатын.

Естеріңізге сала кетейік, бірнеше жыл бұрын дәл осы Әл-Фараби даңғылындағы жылдымдық сағатына 80 шақырымнан 60 шақырымға дейін түсіп, қайта көтерілген еді.

Талқылау