Алматыда жер сілкінісі болды
Төтенше жағдайлар министрлігі 17 қазанға қараған түні Алматыда жер сілкінісі мен өрт тіркелгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Министрліктің мәліметінше, сейсмикалық станциялар желісі 03:23-те жер сілкінісін тіркеген. Эпицентр Алматыдан 264 шақырым оңтүстік-шығыста, Қытай аумағында орналасқан.
"Алматыдағы сезілу деңгейі 2 балл болды. Зардап шеккендер мен қирандылар туралы ақпарат түскен жоқ", – деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Медеу ауданында Бурабай көшесінде жеке тұрғын үйдің 2-қабаты өртенді. Өрт шатырға да таралған. Өрт сөндірушілер оттың әрі қарай таралуына жол бермей, 70 шаршы метр аумақтағы өртті сөндірді.
"Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталды", – делінген хабарламада.
Сол түні Астанадағы Байқоңыр ауданында автобус паркі аумағында мотор цехы да өртенді.
Еске салайық, бұған дейін 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы – 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ.