Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жастардың жұмысқа орналасуы үшін қандай мүмкіндіктер жасалған

“Ұлттық рухани жаңғыру” жобасының аясында жастарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру міндеті алға қойылған. Елімізде 17 жылдан бері "Жасыл ел" бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның арқасында жастар ресми түрде жұмысқа орналасып, жазғы маусымда жалақы алады. Бағдарлама қатысушылары елді мекендерді көгалдандырумен және абаттандырумен айналысады, аумақтарды ретке келтіреді, құрылысқа көмектеседі. Бағдарлама алғаш рет 2005 жылы іске қосылды. Дегенмен әлі де жастар арасында сұранысқа ие. Stan.kz редакциясы бұл жоба қалай жүзеге асатынын анықтады. 

Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өткізілетін "Жасыл Ел" бағдарламасына 16 жастан 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Жазғы демалыс кезеңінде студенттік отрядтарда әр түрлі бағыттар бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Мысалы, құрылыс, елді мекендерді көгалдандыру (ағаш отырғызу, отау, ормандарды, су қоймаларын санитарлық тазарту және т.б.), өз қаласын абаттандыру.

Алматы қаласы Жастар ресурстық орталығының өкілі Сағида Сарбасованың айтуынша, жобаның мақсаты – еліміздің барлық аумағында орман алқаптарын өсіру, сол арқылы Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсарту, жастардың бойында Отанға деген патриоттық сезімді және туған жердің байлығын экологиялық жобаларды жүзеге асырай отыра халықтың барлық топтарының өкілдері үшін құрметтеуге баулу, бос уақытын қызықты өткізуді ұйымдастыру.

Әрбір қатысушыға 60 000 теңге көлемінде сараланған қосымша ақы төленеді. "Жасыл ел" маусымдық жоба болғанымен экопатрульдердің жұмысын күзде де жалғастыру жоспарлануда. 

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар, Жастар саясатын дамыту департаментының директоры Дидар Ділдабектің айтуынша, ол 2003 жылдан бері "Жасыл ел" жасағымен тығыз жұмыстар жүргізіп жатқан көрінеді. 

“Жастар үшін әлеуметтік жағынан қолдау көрсететін, сонымен қатар экологиялық бағытта жастардың санасын дамытып, байытуға өзіндік бір септігін тигізетін жоба ретінде түсінеміз. Мақсаты – жастар арасындағы экологиялық сананы дамыту, тазалыққа баулу, Алматы қаласы бойынша ластанған аумақтарды тазалап, тазартуға бағытталады. Артықшылықтары – жастарға таңның атысынан кештің батысына дейін емес, жарты күндік жұмыс реті, сонымен қатар сенбіліктер ұйымдастырылады, университет тарапынан қолдау көрсетіледі, жаз айларында жатақханамен қамтамасыз етіледі”, – дейді ол.

Дидар Ділдабек былтыр жоба бойынша 300-ге тарта жас жоба аясында жұмыспен қамтылғанын айтады. 

“Осы жылы әр ай сайын 180 студенттен үш айға жоспарланып отыр. Биылғы жоба бойынша ешқандай өзгерістер жоқ. Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту қорымен бірге көптеген шаралар, ұйымдастыру жұмыстары да жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жастардың барлығына арнайы жалақысы мен киім формасы берілетін болады. Жастарға серпін береміз деп ойлаймыз”, – дейді Дидар Ділдабек.

Бұнымен қоса, жастар табиғат аясында демалушы азаматтармен ашық табиғатта өзін-өзі ұстау ережелерін ұстану,  тазалықты, өрт қауіпсіздігін сақтау жайлы түсіндірме әңгіме жүргізеді. Абаттандырудан бөлек "Таза қала" жобасы аясында сенбіліктер өткізіліп, өзен арналарында, тау етегінде, т.б. тазалық жұмыстары жүргізіледі. 

Жобаны Қазақстанның оңтүстік астанасындағы жоғары оқу орындары, Алматы қаласы бойынша экология департаменті, Алматы қаласының полиция департаменті қолдап отыр. Ал биыл жобаны іске асыру мерзімі 2022 жылдың маусым, шілде, тамызға жоспарланған.

21 жастағы Жетісу ауданының Жастар ресурстық орталығының координаторы Тауасар Мұратханұлы бағдарламаға былтыр қатысқан. 

Ол жұмыс істеп, қаржылай сыйақы алып қана қоймай, осы жоба арқылы бүгінде ресурстық орталыққа ресми түрде жұмысқа тұрған. 

“Жоба жайлы алғаш рет осыдан екі жыл бұрын Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде оқып жүргенде естідім. Жобаға қатысып, екі жыл қатарынан жұмыс істедім. Бұл – өте керемет мүмкіндік сыйлайтын жоба. Оның аясында жаңа таныстықтар, көп дос таптық. Алматы қаласы бойынша барлық аудандарды аралап,  экопатруль,  экоакция ұйымдастырдық. Алма-арасан, Бутаковка, Медеу секілді көрікті мекендерді аралап, сенбіліктер өткізілді.  Бұл жоба ең алдымен, студент жастарға өте тиімді. Олар жазғы уақыттарын тиімді пайдалана алады, әрі бұл жоба аясында қызмет еткен әрбір студентке қаржы төленеді”, – дейді ол.

Сөзінше, тұрып жатқан мекені – Алматы қаласы әрқашан да таза, жап-жасыл болып тұрса өзін бақытты сезінеді.  

"Жасыл ел" деген логотиппен жап-жасыл форма киіп, барлығымыз бір үйдің баласындай еңбек етеміз. Бұл жобаға қатысушыларға айтарым, ең бастысы жобаға қатысып, тек қана алға қарай ұмтылыңыздар. Биыл да жоба бойынша жастар жұмысқа орналаса алды”, – дейді Тауасар Мұратханұлы.

Жоба ұйымдастырушыларына бағдарламаны тек жаз айларында емес, жылдың кез келген мезгілі қамтылатындай іске асырса нұр үстіне нұр болатын еді деген тілегін білдірді.

“Біз жобада жұмыс істеген кезде аптасына төрт-бес рет жұмысқа барамыз. Сондай-ақ әр ауданның әкімшілігімен келісе отырып, сенбілікке, экопатрульге шығатынбыз. Экопатрульдің басты міндеті – студент кез келген аумақта экологияға, тазалыққа зиян келтіретін жағдайлар орын алып жатса, суретке түсіріп Whatsapp-тағы чатқа мекен-жайын жіберіп отырады. Жоба аясында жұмыс істеп жүріп, Алматы қаласы Жастар саясатын басқару мемлекеттік қорына жұмысқа орналастым”, – дейді жобаға қатысушы.

Айнұр Мұхади
Жұма, 25 Қараша, 2022 09:40
Талқылау