Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жас жұбайлар сәбиінің өліміне перинатологиялық орталық дәрігерлерін кінәлады

орталықта бала шетінеп кеткенФото: Известия / Andrey Ershtrem

Алматылық Ернар Жұмабай мен жұбайы Арай Ақанқызы №2 қалалық перинатология орталығының дәрігерлерін жаңа туған сәбиінің өліміне айыптады. Мекеме сәбиді босандырған дәрігерге қатаң сөгіс қана жариялаған. Осыдан кейін дәрігер "өз еркімен" жұмыстан шығып, қазір басқа перзентханада жұмыс істеп жүр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Арай Ақанқызы орталыққа 7 мамырда жүктіліктің 41 аптасында түскен. 

“Толғақ басталған соң маған сәбидің жүрек соғысын бақылайтын аппарат қойды. Баланың жүрек соғысы нашарлап жатқанын өзім байқадым. Сол кезде дәрігер Мұхамедова: "Ота жасайтын бөлмені дайындаңдар" деді. Бірақ біраз уақыттан кейін маған вакуум жасалды. Сондай-ақ Мұхамедованың басқа дәрігерлерді көмекке шақырғанын естідім. Отаға дәрігер ер адам кірді. Кейін оның есімі бөлім меңгерушісі С.Н.Борисевич екенін білдім”, – деді Арай. 

Арайдың айтуынша, жатыр мойны толық ашылмай тұрып вакуум-экстракция жасауға болмайды. Бұл акушерлік көмек көрсету хаттамалары мен стандарттарын өрескел бұзу болып саналады. Алайда дәрігерлер вакуум-экстракцияны алты рет қолданған. 

"Бұл ұрықтың құрсақішілік гипоксиясына, яғни баланың өліміне әкелді. Ақыры дәрігерлер өлі баланы алып шықты", – деді Арай. 

Сәбиінен айырылған ерлі-зайыптының сөзінше, дәрігерлер медициналық құжаттарда отаның уақыты мен ұзақтығын бұрмалап көрсеткен. Сондай-ақ босану кезінде акушерлердің біреуі күш қолданып, Арайдың ішін шынтағымен басып, одан тұншығып қала жаздағанын жеткізді.

Ерлі-зайыптылардың айтуынша, орталық басшылығы мен сол кездегі Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, №2 перзентхананың бұрынғы директоры Назгүл Иманғалиева шындықты жасырып, кінәлілерді қорғауға тырысқан.

2025 жылы 8 мамырда берілген №9614 құжатта дәрігерлер сәбидің өлімін «анықталмаған ішкі жатырлық гипоксия» деп көрсеткен.

медициналық құжатФото: Orda.kz

“Одан әрі, 2025 жылы 9 мамырда берілген №3674 шығару эпикризінің “операциялар” бөлімінде бөлім меңгерушісі Борисевич әріптесі, дәрігер Мұхмедованың қылмыстық әрекетін ақтау үшін жалған деректер келтірген: “72.70 босану кезіндегі вакуум-экстракция: операцияның басталуы — 07.05.2025 ж. сағат 05:56, аяқталуы — 06:10, ұзақтығы — 14 минут, хирург — Мұхамедова Эльмира Ерікқызы“. Алайда 7 мамыр 2025 жылы мен әйелім босанып жатқан кезде, онымен бірге босану бөлімінде болдым. Шамамен сағат 05:00-де әйелімді каталкамен операция бөлмесіне апарып, онда вакуум-экстракция жасау әрекеттері басталған”, – деді Ернар.

сәбидің медициналық анықтамасыФото: Orda.kz

Ол сағат 05:47-де баласының өлімі туралы ақпарат алғанын айтты. 

"Кейінірек әйелім дәрігерлердің бір-біріне қарап, сыбырлай бастағанын, олардың өлімге әкеп соқтырған өрескел қате жібергенін түсінгенін айтты", – деді Ернар.

Ал адвокаттың айтуынша, Ернардың WhatsApp желісіндегі досымен хат алмасуында операцияның басталу және аяқталу уақыты 05:00-ден 05:47-ге дейін деп көрсетілген. Демек босану уақыты 47 минутқа созылған.

“Операцияның нақты уақыты (05:00–05:47, ұзақтығы 47 минут) және эпикризде көрсетілген уақыт (05:56–06:10, ұзақтығы бар болғаны 14 минут) едәуір айырмашылыққа ие. Менің пікірімше, бұл медициналық құжаттарды қолдан бұрмалау әрекеті. Осылайша, босануға қатысқан дәрігерлердің және бөлім меңгерушісі Борисевичтің әрекеттерінде медициналық қатені жасыру мен нақты деректерді бұрмалауға бағытталған қызметтік сөз байласу белгілері бар”, – деді адвокат Асылхан Ердоcұлы.

Ернардың айтуынша, әйелі тоғыз сағаттан астам уақыт дәрігерлердің бақылауында болған. Сол кезде ол бірнеше рет Мұхамедовадан кесарь тілігін жасауды сұраған. Алайда дәрігерлер баланың өміріне айқын қауіп төнгеніне қарамастан, бұл өтініштерді елемей, өзінің «кәсіби пікірін» баланың өмірінен жоғары қойған.

Ал Назгүл Иманғалиева Мұхамедоваға тек қатаң сөгіс жариялаған. Кейін дәрігер «өз еркімен» жұмыстан шығып, қазір басқа перзентханада еңбек етіп жүр екен.

Ернар Батырбекұлы кінәлілерді Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі бойынша (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекеттер) жауапқа тартуды талап етіп отыр. Бұдан бөлек, ерлі-зайыптылар перинатология орталығының басқа дәрігерлерінің және денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарының қылмысты жасыруға қатысы бар-жоғын тексеруді сұрады.

Ал Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы “медициналық құпияға” сілтеме жасап, ақпарат беруден бас тартқан. 

Алматы қалалық прокуратурасы аталған іс бойынша қылмыстық тергеу жүріп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ тергеушілер қылмыстық істің барлық материалдарының толық қамтамасыз етілуіне бағытталған әрекеттерді жүргізіп жатқанын хабарлады.

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 02 Қыркүйек, 2025 13:48
Талқылау