Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық келіншек жаңа туған сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлауда

Алматылық Нұрсұлу Мусина нәрестесінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Оның сөзінше, өзі босанған Перинатология және балалар кардиохирургия орталығы сәбиінің жүрегінде ақау бар екенін дер кезінде анықтамаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.

Алматылық 28 жастағы Нұрсұлу Мусинаның алғашқы жүктілігі 9 ай бойы қалыпты өткен. Айы-күні жеткенде толғақ қысып, перзентханаға жеткізіліпті. Сәбиін 21-ші мамырда қаладағы Перинатология және балалар кардиохирургия орталығында дүниеге әкелген. Бірақ жаңа туған баласының денсаулығында кінәрат бар екенін сезіпті. 

"Баланың демалғаны бір түрлі болды. Ентігеді. Мен оның дұрыс емес екенін байқадым. Сол кезде перзентханада дәрігерлерден сұрадым: "неге менің балам бұлай демалады, қараңызшы, дұрыс емес сияқты", - деп. Олар: "жоқ жаңа туған баланың барлығы осылай демалады", - деп жауап берді", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Нұрсұлу Мусина.

Дәрігерлер нәресте мен жас ананы бес күннен кейін үйге жіберген. Бірақ бала күн өткен сайын салмақ қосудың орнына керісінше әлсірей беріпті. Жеке клиниканың біріне тексерткенде, "туа біткен жүрек ауруы" деген диагноз қойып берген. Сөйтіп отаға дейін сәби көз жұмған.

"Отыз бірінші тамыздан бірінші қыркүйекке қараған түні баламның жүрегі тоқтады. Мен соған таң қаламын, қазір неше түрлі құралдар, УЗИ бар. Қалай оны көре алмады", - деді Нұрсұлу Мусина.

Ал ауруханадағылар "сәбидің  жүрегіндегі туа біткен ақауды уақытында көру мүмкін болмады" деп мәлімдеген. Бірақ себеп-салдарын түсіндірмеді.

Бұған дейін әлеуметтік желі арқылы "бір ажалдан аман қалдым" деген Алина Абилеваның да оқиғасы жұртты елең еткізді.

Дәрігерлердің ағаттығынан жапа шектік деген екі келіншек те прокуратураға арыз жазған. Заңгер мұндай жайттарда дәрігердің кінәсі тек сот медициналық сараптамасынан кейін ғана анықталатынын айтты. Айыбы дәлелденсе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.  

"Ай-күні жетіп отырған келіншектер қандай орталықта босанатындарын алдын ала жоспарлауы қажет. Мейлі мемлекеттік болсын, мейлі жеке-меншік болсын, аурухананың, дәрігерлердің біліктілігін тексеру қажет. Тек осылай ғана босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі өлім-жітімді азайтуға болады", - деді заңгер Руслан Қожахметов.

Қайғылы оқиғадан соң, Нұрсұлу Мусина қайта бала көтеруге қорқатынын айтты. Ол сәбидің өліміне кінәлілер тиісті жазасын алғанын қалайды. Тіпті денсаулық сақтау министрлігіне де шағым түсірген.

Талқылау