Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алматыда тартылған ет арзандады": Министрлік желіде тараған өлген малдың етіне қатысты ақпаратқа пікір білдірді

Әлеуметтік желіде Алматыда ет бағасы төмендегені жайлы ақпарат тарады. Желі қолданушылары мұны су тасқынынан қырылған мал еті болуы мүмкін деген болжам жасады. Бұл туралы Stan.kz тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігінен пікір сұрады.

Фото: instagram.com/erkebulan_aimuratuly/ видеодан скрин

Желі қолданушыларының бірі көпшілікті ет өнімдерін асатып алғанда аса мұқият болуын ескертті. Өйткені әлеуметтік желіде адамдар ақша табу мақсатында су астында қалған малдың етін сатып жатқаны туралы ақпарат тараған. 

“Бүгін біз қандай тақырыпты талқылайтынымызды білесіз бе? Су тасқынынан өлген малдардың тартылған еті. Мен осыған қатысты ақпаратты TikTok желісін қолданушылардың бірінен алдым. Неге екенін білмеймін, мен оған сендім. Өйткені бұл өте қауіпті. Су тасқынынан көп малдың қырылып қалғанын бәріміз білеміз. Осы жағдайды пайдаланып кімде-кім болсын ақша жасағысы келеді. Біз ондай адамдарды білеміз. Желідегі ақпаратқа сүйенсек, қазір сол малдардың етінен тартылған ет, шұжықтың барлық түрі дайындалатын көрінеді. Ал Алматыда тартылған ет күрт арзандап кетті дейді. Сөрелерде тартылған ет көбейген. Бұдан ет өнімдерін сатып алғанда мұқият болу керек деген қорытынды шығады. Тіпті біраз уақытқа ет сатып алмай тұра тұрғаныңыз абзал. Олай болмаған жағдайда болашақта үлкен мәселеге әкеп соғуы мүмкін”, – дейді желі қолданушысы. 

@samaid Инфа не точная, но лучше обезопасить себя! #рекомендации #рек #паводки ♬ оригинальный звук - apitok

Ауыл шарушылық министрлігі желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, мал дәрігерлері су тасқыны болған жерге барып, қанша мал қырылғанын есептеп, өлекселерді сол сәтте өртеп жіберетін көрінеді. Өйткені мал өлексесін өртемеген жағдайда жер бетінде түрлі ауру мен инфекция тарайды.

“Су тасқынына байланысты су басқан аймақтарда сібір жарасы мен мал қорымдары көмілді. Алайда бұл аумақтарда эпизоотиялық (мал індеті) жағдай тұрақты болып отыр. Сібір жарасынан өлген жануардың өлексесі өртеледі. Ал күл бетондалатын саркофаг жасап көміледі, оның айналасына дезинфекциялық құралдар салынады. Көмілген аумақ оқшауланған, ал осы учаскелерде індеттің болуына жыл сайын мониторинг жасалады, осы уақытқа дейін аурулардың жер бетіне шығуының бірде-бір жағдайын анықтаған жоқ”, – деп мәлімдеді министрлік.

Су тартылған соң сол жерлерден топырақ сынамалары алынады. Ол үшін тиісті мамандар сол өңірлерге барып, сынамаларды іріктеп жатыр.

Сонымен қатар, су басқан аймақтарда сібір жарасына қарсы жыл сайынғы вакцинация жыл басынан бері жоспарлы түрде жүргізілуде.

“Мал қорымдарына келсек: бұл объектілер жұқпалы емес аурулардан өлген жануарларды жоюға арналғанын сіздердің назарларыңызға жеткіземін. Яғни, мал қорымдарын су басқан жағдайда да аса қауіпті инфекциялардың пайда болу ықтималдығы жоқ. Осындай нысандардың барлығы да судың ағуына байланысты тексеріледі. Жалпы су басқан аймақтарындағы эпизоотиялық қауіпсіздік мәселелері жергілікті атқарушы органдармен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен үйлестіре отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты бақылауында болады”, – делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ министрлік Алматы қаласына су тасқыны болған аймақтардан ет жеткізілмейтінін атап өтті.

Талқылау
Пікір
Самат
20 Сәу, 24 жыл - 13:29

Қоя қойшы мал өлексесін көму деген қағаз жүзінде, 100мың айлық алатын мал дәрігеріне ақшасын берсең өртемей ақ бере салады, өйткені ол малды таситын техникалары жоқ, өртейтін жанармайы жоқ, бас ауыртпай ақ сата салады.