Алматыда тағы бір тұрғын үй кешені сатып алуға ұсынылмайтын тізімге енді
Алматыдағы Достық даңғылында сатуға шығарылған тұрғын үй кешенінің заңсыздығы анықталды. Әкімдік халыққа дәл осы нысаннан пәтер сатып алмауды ескертті. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қалалық әкімдік мәліметіне сүйенсек, интернет-ресурстардың мониторингі барысында Достық даңғылы 170/1 мекенжайындағы тұрғын үй кешенінде пәтерлерді сату туралы хабарландыру анықталған. Тексеру барысында құрылыс мақсаты басқа ғимараттың баспанаға айналғаны тіркеліп отыр. Осылайша әкімдік бұл жағдайдың заңсыз екенін алға тартты.
Яғни меншік иесі бұл учаскеде сәулет-жоспарлау тапсырмасымен құрылысты 2005 жылы бастаған, содан кейін нысан бірнеше жылға тоқтатылған.
“Кейін жер учаскесі басқа меншік иесіне берілді. Ол сол учаскеде заңсыз стационарлық емес сауда объектілерін тұрғызды. Басқарма меншік иесіне қатысты заңсыз сауда павильондарын бұзуға талап арыз берді. 2023 жылдың 2 мамырында сауда нысандарын бұзу туралы шешім қабылданды. Сот шешімінің заңды күшіне енуі күтілуде, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, Медеу аудандық сотына жылжымайтын мүліктің рұқсат құжаттамасын беруге тыйым салу бөлігінде талап қоюды қамтамасыз етумен ғимараттың өзін бұзуға тағы бір талап арыз берілді. Сот процестері әлі де жүргізілуде, сот-құрылыс сараптамасы тағайындалды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласында салынып жатқан екі тұрғын үй кешенінің құжаты дұрыс емес болып шыққан еді.

"Халықтың қайғысына құрметсіздік": Алматыда Лениннің есімі берілген дәмхана желі қолданушыларының ашуын туғызды
